00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Адамзат өркениетінің өлшемі ғылым мен білімнің дамуына байланысты

12 сәуір, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Адамзат өркениетінің өлшемі ғылым мен білімнің дамуына байланысты
фотоколлаж: Elorda Aqparat/ Елтай Нұрғазин

Бүгін – елімізде Ғылым саласы қызметкерлерінің күні.  Бұл мереке 2011 жылы 22 қазанда Президент Жарлығымен бекітіліп, алғаш рет 2012 жылы аталып өтті. Биыл бұл мерекені қазақстандық ғалымдар жағымды жаңалықпен қарсы алды. Оған жуырда Ұлттық ғылым академиясының мемлекеттік мәртебеге ие болуы нақты себеп. 20 жылдан бері қоғамдық бірлестік ретінде қызмет етіп келген Ғылым академиясы енді тікелей Мемлекет басшысына қарайды. Ұлттық ғылым академиясының жаңа мәртебе иеленген соң атқарар міндеттері қандай болмақ? Алдағы уақытта елімізде ғылымды дамыту қалай іске асады? Бұл сауалдарға Elorda.info тілшісі жауап іздеп көрді. 

Неге 12 сәуір  ғалымдар күні

Ғалымдардың кәсіби мерекесі туралы көпшілік біле бермейді. Бұл Ғарышкерлер күніне байланысты емес. 12 сәуір ғылым саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде кездейсоқ таңдалған жоқ.
Бұл күн қазіргі Қазақстандағы ғылыми қызметті ұйымдастырудың бастауында тұрған Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен тікелей байланысты. Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті болған Қаныш Сәтпаев өзінің өмірін ғылым мен оны дамытуға арнады.  Қазір де елімізде өркениет көшінен қалмай, білім мен ғылым саласын дамытуға басты назар аударылып отыр. Мемлекет басшысының қолдауымен ғылым саласында соңғы жылдары бірқатар өзгеріс болды. Атап айтсақ, ғалымдардың жалақысы, жас ғалымдарды қолдау шаралары көбейді, сондай-ақ отандық ғылым саласын дамытуға бөлінетін қаражат көлемі де артты.

Елімізде ғалымдар саны қанша

2022 жылғы статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде ғалымдардың 54 пайызы әйелдер екен. Ал жалпы соңғы жылдары отандық ғалымдар саны азайып жатыр. Мысалы, 2020 жылы  елімізде 22 мың 665 ғалым болса, 2021 жылы олардың саны 1 065 адамға азайған. Оған ұзақ жыл бойы салаға бөлінген қаражат мәселесі себеп болғаны анық. Себебі ғылым саласында қаржыландыру мәселесі өте маңызды. Мемлекеттік мәртебеге ие болған Ұлттық ғылым академиясы енді бюджеттен қаржыландырылады. Президент жанындағы академия бұдан былай әлеуметтік-экономикалық дамуға сәйкес ғылыми-техникалық, инновациялық, стратегиялық, іргелі және қолданбалы зерттеудің басым бағыттарын айқындайтын ұсыныстар әзірлемек.

Зерттеу жүргізіп, патент алу жеткіліксіз

Парламент палаталарының бірлескен отырысында жаңадан сайланған депутаттар алдында сөйлеген сөзінде де Қасым-Жомарт Кемелұлы ел экономикасы ғылымға негізделуі керектігін ерекше атап өтті.

Еліміздің экономикасы сыртқы саудаға және инвестицияға әрдайым ашық. Қазақстан – Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі. Сондықтан сыртқы саудамызды еркін түрде дамытуымыз керек. Бірақ кемінде өз әлеуетіміз жететін нәрселермен өзімізді қамтамасыз етуіміз қажет. Мысалы, шикізат та, мамандар да, кейбір технология да өз елімізде бар. Елдің ішкі сұранысын өтеуге қатысты бір негізгі ұстаным болуға тиіс. Ең алдымен, ішкі нарыққа бағытталған өңдеу өнеркәсібін дамытуымыз қажет, - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін ғылымға жеткілікті көңіл бөліну керегін баса айтты. Әрі депутаттарға заң жобасы қажет екенін ескертті.

«Ғылым мен білімді екінші орынға қойған мемлекет ешқашан ешбір салада бірінші орынға көтеріле алмайды» деген қағиданы қаперіне алған Мемлекет басшысының: «Қазақстан экономикасы ғылыми жетістіктерді негізге алуы керек. Зерттеу жүргізіп, патент алу жеткіліксіз. Ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану қажет. Ғылымды жан-жақты дамыту үшін жаңа заң қабылдау керек» дегенін жұртшылық жылы қабылдады. 

Жаңа мәртебе не береді

1946 жылдың 1 маусымында Қазақ КСР Ғылым академиясы болып құрылған орталықтың тарихы арқылы ғылымның дамуына қосқан зор үлесіне көз жеткізуге болады. Бір шаңырақ астына біріктірілген 31 ғылыми мекеме, оның ішінде 24 зерттеу институтының мамандары ғылым мен экономиканың барлық бағыт бойынша күрделі зерттеулермен айналысты. Ұлттық ғылым академиясының академигі Кәрімбек Құрманәлиевтің сөзінше, отандық ғалымдардың мақсаты мерейлі мәртебеге қол жеткізу ғана емес, үлкен жауапкершілікке ие болу маңызды болған.

Академияның абыройын арттырған құжатта бұдан әрі академия «Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы» мәртебесін иеленіп, жаңа мекеме басшысын ел Президентінің өзі тағайындайды әрі қызметтен босатады деп көрсетілген. Ғылыми жұртшылық көптен күткен үміт ақталды, Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жемісін берді. Әрине, Ұлттық ғылым акаде­миясының мүшелері негізгі мақсат мерейлі мәртебеге қол жеткізуде ғана емес, сондай-ақ зор жауапкершіліктің жүктелетінін де жақсы түсінеді. Бұған дейін Мемлекет басшысы өзі төрағалық ететін «Ғылым және жаңа технологиялар бойынша» ұлттық кеңес құрған болатын. Алдағы уақытта сол кеңестің алғашқы отырысы өтеді деп күтіліп отыр. Сол кезде ел ғылымын дамытудың басым бағыттары айқындалып, Ұлттық ғылым академиясының жаңа мәртебеге сәйкес атқарар міндеттерін айқындау көзделген. Ғалымдар қауымы ұсынған ғылымның жаңа бағыт-бағдары ба­ғамдалып, іске асыру тетіктері тиянақ­талады. Сонымен қатар жаңа заң жобасын әзірлеуде Ұлттық ғылым академиясының мүшелері де белсенді түрде атсалысуға дайын екенін айтқым келеді. Ғылым әлеуетін арттыруда отандық ғалымдар бар күш-жігерін аянбай жұмсайтынына сенімдімін, - дейді академик. 

Елімізде бұл салаға бөлінетін қаражатты әлем елдерімен салыстырған академик, мемлекеттің ғылымға бөлетін қаражаты 1,5 пайыздан артық болған жағдайда ғана бұл сала дамитынын айтады. 

Ғылымға деген көзқарас бөлінген қаржымен өлшенеді

Өркениеті озық елдердің ғылымға деген көзқарасы оның бұл салаға бөлінген қаржысының мөлшерімен өлшенетіні рас. Әлемдік статистикаға назар аударсақ, ғылымға Израильде  Жалпы ішкі өнімнің 4,6%-ы, Швецияда 4%, Жапонияда 3,4%, АҚШ-та 2,7%, Германияда 2,5%-ы жұмсалса, көршіміз Ресейде 1,25% пайызы ғылымға бөлінеді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мырза мәлімдегендей, Қазақстанда ЖІӨ-нің 0,13 пайызы ғана бөлініп отыр. Ал Халықаралық академиялық кеңестің зерттеулеріне жүгінсек, мемлекеттің ғылымға бөлетін қаражаты 1,5 пайыздан артық болған жағдайда ғана бұл сала дами алады екен, - дейді Кәрімбек Құрманәлиев.

Ғылым өз дәрежесінде дамуы үшін не істеу қажет

Біріншіден, Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін ғылымға жұмсалатын шығын көлемін Жалпы ішкі өнімнің 1  пайызына жеткізу тапсырмасы орындалуы керек деп санаймын. Ол үшін Қаржы министрлігі бюджет тапшылығын сылтау етпей, биылдың өзінде ғылымға бөлінген Жалпы ішкі өнімнің 0,13 пайыз көлемін 0,26  пайызға көтеруді шұғыл қолға алуы керектігін, ол үшін бюджетті нақтылау кезінде өзгерістер енгізуді ойластырғаны жөн деп санаймын. 2025 жылға дейін үлгереміз деп қол қусырып отыруға уақыт жоқ. Президенттің тапсырмасы мүлтіксіз орындалуы қажет.

Екіншіден, бизнесті, жеке секторды ғылымға тартудың түрлі механизмдерін дамыған елдер тәжірибесіне сүйене отырып жүзеге асыруымыз керек. Жер қойнауы байлықтарын өндіретін өндірістер табыстарының 1 процентін ғылымға жұмсау керектігі бойынша да айтарымыз бар. Алпауыт өндіріс мекемелері өздерінің ішінен ғылымды дамыту құрылымдарын ашып алып, ғылымға қаржы бөліп жатырмыз деген уәж айтуда. Ғылым жөніндегі орталық уәкілетті орган ретінде Ғылым және жоғары білім министрлігі осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіріп, өндірістен ғылымға бөлініп жатқан қаражаттың тиімділігі мен шынайылығын зерделеп, мониторинг жүргізуі керек деп санаймын, - деп пікір білдірді Ұлттық ғылым академиясының академигі.

Кәрімбек Құрманәлиевтің сөзінше, университеттік ғылымды дамыту да күн тәртібінен түспеуі керек. Әсіресе, өңірлік университеттерді жаңғыртып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық өсу көрсеткішін арттыру қажет. 

Кейіпкеріміз еліміздің 4 өңірінен аймақтық университеттерге Ұлттық статус беру керек деп есептейді. Бұл, әрине, оқытушы-профессорларды ынталандырады. Одан бөлек, бұл мәртебе жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтады. 

Адамзат өркениетінің өлшемі ғылым мен білімнің дамуына байланысты. Біз өмір сүріп отырған қазіргі кезең, бұл – жаңа дәуір, жаңа көзқарасты, жаңашылдықты талап ететін кезең. Соның ішінде ғылымда болып жатқан жасампаз өзгерістердің мәні мен маңызы зор. Осы орайда ғылым саласында өнімді еңек атқарып келе жатқан барша ғалымды кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, ғылымдағы өнегелі, өрелі істеріне табыс тілейміз. Ғылым деген қараңғыда адастырмайтын шырағымыз жарқырай берсін.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ