Елдегі ауыл тұрғындарының қанша пайызы интернетпен қамтылған
Қазақстандағы ауыл тұрғындарының 94%-ы интернетке қол жеткізе алады, деп хабарлады Elorda.info.
Inbusiness.kz жазуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша әлемде қала тұрғындарын интернетпен қамту 78%-дан 82%-ға дейін, ал ауыл тұрғындарын интернетпен қамту 42%-дан 46%-ға дейін өсті.
Осы тұста ауыл мен қала тұрғындары арасындағы ғаламторға қолжеткізудегі алшақтық айқын байқалып отыр.
Еуропада ең аз алшақтық байқалады: қалалық жерлерде – 91%, ауылдарда – 83%.
Жалпы макроаймақтар бойынша ТМД елдеріндегі ауыл тұрғындарын интернетпен қамту 74%-ды, Америкада – 68%, Араб әлемі елдерінде 56%-ды құрады.
Еліміздің ауылдарында 7,5 млн-нан астам адам немесе халықтың жалпы санының 38,2%-ы тұрады.
Халықаралық электрбайланыс одағының (ITU) деректеріне сәйкес, Қазақстанда интернетпен қамтылу көрсеткіші ауылдық жерлерде 94% болса, қалаларда – 95%. Бұл өте жоғары көрсеткіш болып есептеледі. Ресурстың жазуынша, қалалық және ауылдық жерлер арасында айтарлықтай алшақтық байқалмайды.
Еліміздегі жағдай тек орта әлемдік көрсеткіштерден ғана емес, ЕАЭО елдерімен, сондай-ақ көптеген дамыған елдермен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Мысалы, Арменияда ауылдардың интернетпен қамтылуы – 90%, Беларуссияда – 79%, Ресейде – 78%. Кейбір дамыған елдерде ауылдағы интернетпен қамтамасыз етілгендердің үлесі келесідей: Швейцарияда – 95%, Жапонияда – 87%, Италияда – 74%, Канадада – 77%, Бельгияда – 93%, Францияда – 85%.