Қазақстаннан Түркияға 115 тонна гуманитарлық көмек жиналды
Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мәлім етті, деп хабарлады Elorda.info.
Министрліктің мәліметінше, еліміздің барлық өңірлерінде қажетті заттарды қабылдау және сұрыптау пунктері ұйымдастырылған. Белсенді азаматтар, волонтерлер көмек есебін жүргізеді, барлық жиналған заттарды сұрыптайды, орайды.
Жиналған материалдар автокөлікпен Түркия Республикасының елшіліктері мен консулдықтарына жеткізіледі.
13 ақпандағы жағдай бойынша өңірлерде 115 тонна гуманитарлық көмек жиналды (Алматы қаласы - 4 тонна, Алматы облысы - 68 тонна, Түркістан облысы - 25 тонна, Шымкент - 50 тонна, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау облыстары – 3 тонна), оның 75 тоннасы (Түркістан облысы және Шымкент қаласы) Түркияға жіберілді, сондай-ақ 32 млн теңге жиналып, тікелей Afad қорына аударылды, - деп жазды министрліктен.
Бұған қоса қазақстандықтар 114 ұлттық киіз үй жөнелтті. Жалпы, халық жұмыла көтерілуде, блогерлер, кәсіпкерлер, волонтерлер мен қоғам қайраткерлері, журналистер мен жай ғана белсенді азаматтар өз үлестерін қосуда.
Мәселен, жас кәсіпкер әрі блогер Асхат Нұрлыбаев пен Айдос Шайхислам Instagram парақшаларында көмек ұйымдастыру бойынша белсенділік танытса, Жамбыл облысында волонтерлер 17 фура көмек жинап, Алматы консулдығына жіберуді жоспарлауда.
Өз кезегіде Ұлттық волонтелер желісі мен Қазақстандағы Қызыл Жарты-Ай қоғамы айтарлықтай жұмыстар ұйымдастыруда. Волонтерлер көмек көрсету бойынша жұмыстың бірінші кезеңін аяқтап қалды», - делінген хабарламада.
Барлық жұмыстар Қазақстандағы Түрік Республикасының елшілігімен бірлесіп жүргізілуде.