Бибігүл Жексенбай Бас редакторлар клубының президенті болып қайта сайланды
Белгілі журналист, білікті медиаменеджер, Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары, су жаңа сенатор Бибігүл Жексенбай «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті болып бірауыздан қайта сайланды, деп хабарлады Elorda.info.
Бүгін «Қазмедиа» орталығында «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің есеп беру-сайлау жиыны өтті. Клуб президенті Бибігүл Жексенбай ұйымның құрылған күнінен бүгінге дейін атқарған жұмысына шолу жасады. Өзі қоғамдық жұмыстарға белсене араласа бастаған 2010 жылдан бергі кезеңде қоғамға да, медиаға да пайдалы көптеген іс-шаралар өткізлгені айтылды. Одан соң жиынға қатысқан әріптестеріміз қоғамдық ұйымды дамыту туралы орамды ойлары мен ұтымды ұсыныстарын ортаға салды.
Академик Кәрімбек Құрманәлиев министрліктен гран алу, ғылыми басылымдар басшыларымен кездесу өткізу туралы ұсыныс жасады. Лилия Ержанова қоғамдағы журналистерге қатысты оқиғаларға дер кезінде үн қосуға шақырды. Заңгер Марат Башимов масс-медиа туралы заңға қатысты ойларымен бөлісті. Журналист Доған Йылдыз клубта жылдық іс-шаралар жоспарын жасауды ұсынды. Клуб басшысы биыл масс-медиа туралы заң жобасын түсіндіруші топ құрылып, аймақтарға баратыны, тәжірибелі журналистердің жастарға дәріс беретіні, клубтың жастар қанатының құрылатыны жөнінде аз-кем ақпарат берді.
Басқосуда Бибігүл Жексенбай Бас редакторлар клубының президенті болып бірауыздан қайта сайланды. Әріптестер қоғамдық жұмыспен қатар сенатор болған Бибігүл Нұрғалиқызын құттықтап, гүл шоқтарын табыс етті. Ұзақ жылдар атқарушы директор қызметін мүлтіксіз атқарған Әсем Есілбаева медиа холдингке басшылық қызметке тағайындалып, өз өтінішімен босатылды. Оның орнына белгілі журналист, Халықаралық теледидар және радио академиясының академигі Махат Садық атқарушы директоры болып сайланды.
Клубтың жаңа құрамдағы басқарма мүшелері – вице-президенттері мыналар: «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің бас редакторы, профессор Мұратбек Тоқтағазин, «Айқын-Литер» ЖШС директоры Ысқақ Егемберді, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары Камбар Ахметов, «Человек и закон» газетінің бас редакторы, заңгер Марат Башимов, «kazaknews.kz», «kazakistan.kz» ақпараттық агенттіктерінің жетекшісі Доған Йылдыз. Жауапты хатшы қызметін Бибігүл Құламан атқарады.
Өткен жылы қоғамдық бірлестіктің құрылғанына 15 жыл толды. Құрамына еліміздегі 300-ден астам бұқаралық ақпарат құралының бас редакторлары мен жетекшілері кіретін ерікті ұйымның мүшелерінің барлығы – журналистер, медиа саласының білікті мамандары.
Төлен ТІЛЕУБАЙ