Министр қарияларды өрттен құтқарған оқушыларға алғыс айтты
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев егде жастағы көршілерін өрттен құтқарған қарағандылық оқушыларға, ағайынды Ерасыл мен Қанат Смағұловтарға алғыс хат жолдады. 15 жастағы Ерасыл мен 14 жастағы Қанаттың батылдығының арқасында өрттен ешкім зардап шеккен жоқ, деп хабарлады Elorda.info.
Еліміздің бас ұстазы Қарағанды қаласындағы №12 мектептің оқушыларына өртті сөндіру кезінде қайсарлық пен батылдық көрсеткендері үшін алғысын білдірді.
Сендерге адам өмірін құтқаруға қадам басқан ержүрек батырлықтарың үшін зор алғысымды білдіремін. Өз өмірлеріңе қауіп төніп тұрса да, тәуекелге бел буып, нағыз ерлік жасап, үлкен қайғының алдын алдыңдар.
Мұндай әрекетке барудың өзі үлкен жүректілік пен батылдықты, қайсарлықты талап етеді. Жасаған қадамдарың рухы берік, нағыз батырдың әрекеті деп білемін.
Сендер болашақта ата-бабамыздан мирас болып қалған еліміздің кең даласын, асқар тауын, сарқырап аққан көк өзенін қорғайтын, халықтың мақтанышына айналатын нағыз патриот азамат болып шығатындарыңа сенімім мол.
Болашақтарың жарқын болсын! – деп жазды министр жолдаған алғыс хатында.
Естеріңізге сала кетейік, ағайынды Ерасыл мен Қанат Смағұловтар көршілерінің көмек сұраған айқайын естіп, өрт сөндірушілерді шақырған және олар келгенге дейін өртті өздері сөндіре бастаған.