Елімізде жол-көлік апаты көбейген
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр елдегі жол-көлік апаты туралы статистикалық деректерді жариялады, деп хабарлады Elorda.info inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Ресми статистикаға сәйкес, 2022 жылдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғалары 6%-ға, олардан қайтыс болған азаматтар саны 7%-ға және жараланғандар 6%-ға өскен. Талдау көрсеткендей, жолдағы апат статистикасының нашарлауы 2020-2021 жылдардағы пандемия кезеңінде енгізілген шектеулер аясында болып отыр. 2019 жылмен салыстырғанда апат саны шамамен 11%-ға, жараланғандар 14%-ға қысқарды, қайтыс болғандар саны іс жүзінде сол деңгейде қалды, - деп жауап берді Р. Скляр депутат сауалына.
Оған қоса, кейінгі жылдары елімізде автокөлік саны өсіп келеді және 4,7 млн көлік құралы бар (2019 жылы – 4,1 млн, 2020 жылы – 4,2 млн, 2021 жылы – 4,3 млн).
Барлық жол-көлік апатының 75%-ға жуығы елді мекендерде, «өлімге әкеп соғатын» ЖКО жартысына жуығы қала сыртындағы трассаларда болады. Әрбір үшінші жол-көлік оқиғасына ұшыраушы, қайтыс болған және жараланған әрбір төртінші адам – жаяу жүргіншілер. ЖКО-ның негізгі себептері жүргізушілердің жылдамдық режимдерін асыруы және жаяу жүргіншілердің жол жүру қағидаларын бұзуы болғандықтан, полиция тиісті ден қою шараларын күшейткен.