Астанада бірінші Орталық Азия медиа форумы өтуде
Бүгін елордада бірінші Орталық Азия форумының шымылдығы түрілді. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан атаулы шараға халықаралық деңгейдегі белгілі ғалымдар, саясаткерлер, журналистер, беделді сарапшылар мен медиа саласындағы халықаралық ұйымдардың өкілдерінен тұратын барлығы 100-ден астам спикер шақырылып отыр, деп хабарлады Elorda.info.
Форум – медиа саласының даму тенденциялары мен перспективаларын талқылауға, тәжірибе алмасуға, аймақтағы БАҚ-ты дамыту мен нығайту үшін жағдай жасауға арналған алаңға айналуды көздейді.
Мәселен, форум барысында өңірлік бірегейлік, жаңа медианы дамыту, жасанды интеллект технологияларын медиада қолдану, Орталық Азиядағы креативті индустрияның дамуы, пост-шындық кезеңіндегі ақпараттық қауіпсіздік, медиа саласындағы білім беру транформациясы, өзара ынтымақтастықтағы халықаралық ұйымдардың орны, азаматтық қоғамды дамытудағы гендерлік теңдіктің рөлі, өңірлік және жаһандық кооперация мүмкіндіктері сияқты көкейкесті мәселелер көтерілмек.
Форумның ашылуында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жиынға қатысушыларды құттықтап, шараның мән-маңызына тоқталды. Сондай-ақ, панельдік сессияда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, Қырғыз Республикасының мемлекеттік хатшысы Сүйүнбек Қасмамбетов, Түркияның 11-ші президенті Абдулла Гюль, Моңғолияның 3-ші президенті Намбарын Энхбайар өз ойларын ортаға салды.
Медиа форумның алғашқы күнінде «Ынтымақтастық бастауы: тарихи экскурс, Орталық Азия», «Медиа және think tanks: сараптаманың медиа трансформациясы», «Пост-шындық кезеңі: фейк және ақпараттық қауіпсіздік», «Бейбітшілік этикасы», «Ортақ ақпараттық медиа платформа құру перспективалары», «Тұрақты қоғамды қалыптастырудағы медианың маңызды рөлі» тақырыптары бойынша панельдік сессиялар өткізілмек.