Республика күнінің жаңа мәртебеде қайта жаңғырғанына қуаныштымын – депутат
Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының депутаты Ерлан Дәкенов айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Осыдан 32 жыл бұрын 1990 жылғы 25 қазанда еліміз үшін айтулы оқиға болды. Осы күні Жоғары Кеңестің қаулысымен Егемендік туралы Декларация қабылданып, тәуелсіз Қазақстан жолындағы алғашқы қадамдардың бірі жасалды. Қазіргі Қазақстанның қалыптасуына ерекше әсер етті. Егемендік оңай жолмен келген жоқ. Қаншама тер төгілді, батыл шешімдер қабылданды. Бұл біздің тарихимыз, өсіп өркендеу жолымыз. Сондықтан да мерекеге ұлттық мәртебе беріп, Республика деңгейінде атап өту заңдылық деп есептеймін, - деді мәслихат депутаты.
Республика күні 13 жылдан кейін қайта жаңғырды.
Мереке он үш жылдан кейін қайта қайтарылып отыр. Өзіміз осындай күндерді атап өтіп, маңыздылығын насихаттамасақ, келер ұрпақ тарихымызды ұмытып қалуы да мүмкін. Халық та бұл шешімді жақсы қабылдады әрі қолдады. Республика күнінің жаңа мәртебеде қайта жаңғырғанына өзім де қуаныштымын. Бұл баршамызға ерекше рух беріп, барлығымызды біріктіретін күн болары анық, - деді Е.Дәкенов.