Қылмыс болмайды, отбасылар ажыраспайды: Түркістан облысында осындай ауыл бар (ВИДЕО)
Түркістан облысында бірде-бір қылмыс тіркелмеген, ажырасу саны азайған ауыл бар деп хабарлады Elorda.info.
Polisia.kz сайтының жазуынша, Түркістан облысында жыл басынан бері бірде-бір қылмыс тіркелмеген, соңғы 5 жылда ажырасу мүлдем болмаған ауыл бар. Бұл – Жетісай ауданындағы Мақталы ауыл әкімшілігінде орналасқан Алмалы ауылы.
Соңғы 6 жылдан бері ішімдік, темекі сияқты зиянды дүниелердің дүкен сөрелерінде сатылмауы – ауылдың берекесін кіргізіп отыр. Тиісінше, осы уақыт аралығында мұнда ажырасу жайттары болмаған. Бірде-бір қылмыстық құқық бұзушылық, яғни ұрлық жайттары болмаған. Ең бастысы, бір мыңнан астам шаңырақтың тұрғындары тыныш ұйықтайды.
Бұл ауылдың айрандай ұйып отыруына Ильяс Жабаев, Мұхит Жұмабеков, Сапархан Каипов атты учаскелік полиция инспекторларының еңбегі зор. Ауылдың қай тұрғынын әңгімеге тартсаңыз да, тәртіп сақшыларының кәсіби шеберлігін, еңбекқорлығын, істеген жұмысын тізбектей жөнеледі.
Ауылдың беткеұстар қарттарының айтуынша, полицейлер күнделікті жергілікті жұртшылықтың жағдайын біліп, үй-үйді аралап отырады. Тәртіпті қадағалап, елдің қорғаны деген атқа сай қызмет етеді.
Осындай қадағалау мен бақылаудың арқасында жастар жаман әдеттерден бойларын аулақ ұстайды. Соның нәтижесінде үлкендерді сыйлап, ынтымағы жарасып отырған жайы бар.