Дәрігер қателігі үшін тағайындалатын жазаны жеңілдету ұсынылды
Денсаулық сақтау министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі, деп хабарлады Elorda.info.
Адам өлімі болған жағдайда 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын 4 жылға дейін бас бостандығын шектеу мерзіміне ауыстыру көзделіп отыр.
Министрлік пациенттердің зиянды өтеу құқықтарын іске асыру үшін медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесін кезең-кезеңімен енгізуді жоспарланып отыр.
Бұл реформа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді және жалпы Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының халықаралық аренадағы жақсы рейтингіне ықпал етеді, – деді министр Ажар Ғиният.
Сонымен қатар заң жобасында пациенттерді сақтандыру төлемінің мөлшері ұсынылған. Пациенттің өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиян үшін:
өлім – 1000 АЕК;
бірінші топтағы мүгедектік – 800 АЕК;
екінші топтағы мүгедектік – 600 АЕК;
үшінші топтағы мүгедектік – 500 АЕК;
мүгедек бала – 500 АЕК;
мертігуге, жарақаттануға немесе денсаулықтың мүгедектік белгіленбеген өзге де зақымдануына – пациентті амбулаториялық немесе стационарлық емдеуге іс жүзіндегі шығыстар мөлшерінде – 300 АЕК.
Заң жобасын жұмыс тобы талқылап, мәжіліс қарауына ұсынады.