Елордалық полицейлер зейнеткердің ақшасын ұрлаған ұрыны саусақ іздері арқылы анықтады
Зейнеткер дүкеннен келе жатқанда оған бейтаныс ер адам жақындап, ауыр сөмкесін көтеруге көмегін ұсынған. Әйел келіскен. Жолда сөйлесіп келе жатып, ер адам қалалық ауруханада жұмыс істеймін деп, зейнеткерге массаж жасап беруді ұсынған. Азаматша ештеңеден күмәнданбастан, ер адамды үйіне алып барған. Ер адам массаж жасап болғаннан кейін жәбірленушінің сөмкесінен ақшаны алып, ізін суытқан.
Арызданушының мекенжайы бойынша жедел-тергеу тобы шыққан. Қылмыс орнын қарау барысында Сарыарқа ауданы ПБ криминалисі, капитан Алмат Абдиев күдіктінің қол саусақтарының ізін алған. Полицей жуынатын бөлмеден іздерді тапқан. Қылмыскердің қол саусақтарының ізі деректер базасында болғандықтан, тез арада сәйкестендірілді.
Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер бұрын ұрлық жасап сотталған 40 жастағы ер адамды ұстады.
Қазіргі уақытта күдікті кінәсін мойындады және ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.“Ұрлық” бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.