Президент Ерболат Досаевқа бірқатар тапсырма берді
Мемлекет басшысына Алматы қаласының биылғы қаңтар-мамыр аралығындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есеп берілді. Сондай-ақ қала әкімі экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге қатысты Президент тапсырмаларының орындалу барысы жөнінде баяндады. Оның айтуынша, қысқа мерзімді экономикалық индикатор 107,6 пайызға дейін өскен, негізгі капиталдағы инвестициялардың өсімі 20,9 пайыздан асқан, сауда-саттық қалпына келтірілген, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 19,5 пайызға артқан.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Алматы қаласының 2025 жылға дейінгі даму жоспарының негізгі басымдықтары және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар» жобасы ұсынылды.
Мемлекет басшысына Абай даңғылының оңтүстігінде, таулы және тау бөктеріндегі аймақтарда 9 қабаттан биік ғимараттардың құрылысын жүргізуге тыйым салатын жаңа ережелердің қабылдануы, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жоспары туралы мәлімет берілді.
Ерболат Досаев маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге, оның ішінде «Алматы жастары» бағдарламасы аясында жұмыс істейтін жастарға тұрғын үй сатып алуға, медициналық-әлеуметтік мекемелерде тамақтандыру сапасын арттыруға, сирек кездесетін ауруларды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, балаларға арналған спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерін қаржыландыруға қаражат бөлінгенін жеткізді.
Кездесу соңында Президент Алматы қаласын одан әрі дамыту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.