00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

2025 жылдан бастап зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері қанша болады

11 желтоқсан, 2024
Торғын Аман Торғын Аман
2025 жылдан бастап зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері қанша болады
фото: Оңалхан Өнерхан

Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы мен жәрдемақы қанша болатыны туралы мәлімет берілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жасы және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 8,5 % - ға артады. Ал жасына байланысты жаңадан тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 55 АЕК-ні (216 260 теңге) құрайды.

«2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері Әлеуметтік Кодекстің 205-бабына сәйкес белгіленеді. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жыл және одан аз болғанда немесе мүлдем болмағанда тиісті қаржы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 70 пайызы (65 пайыздың орнына) мөлшерінде, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан артық болса, әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға өседі,  бірақ ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 110 пайызынан аспайтын мөлшерде беріледі», - деді Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Д. Садвокасова.

Бұл зейнеткерлікке енді шыққандарға және 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққандарға да қатысты. Ең томен базалық зейнетақы – 32 360 теңгені, ең жоғары 50 851 теңгені құрайтын болады.

Мүгедектігіне және асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері, оның ішінде Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында тұратын және түзеу мекемелерінде орналасқан адамдар үшін Кодекстің 177 және 236-баптарында көзделген мөлшерде 2025 жылғы 1 қаңтарда ЕТКД мөлшерінің ұлғаюына байланысты арттырылады (46 228 теңге).

Мысалы жалпы ауру бойынша 1 топтағы мүгедектік бойынша жәрдемақы – 101 702 теңгені, 2 топ – 81 362 теңге, 3 топ – 55 474 мың теңгені құрайды. 

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшері 2025 жылы 1 қаңтарынан бастап 6,5 % артады.