Қасым-Жомарт Тоқаев: Үстірт жасалған тіл реформасының қажеті жоқ
Мен Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірлеуді тапсырдым. Содан кейін ғана латын әліпбиіне ауысу жөнінде айтуға болады.
Асығыстыққа жол бермеуіміз керек. Тіпті, көшедегі билбордтар мен министрліктердің атауына қарасақ та жеткілікті. Тіліміз бұрмаланып кетті. Ашығын айту керек, бұл қазақ тілінің табиғатына жат, тіпті, тілімізді мазақ қылу сияқты көрінеді. Мұндай үстірт жасалған тіл реформасының қажеті жоқ. Бізге нақты реформа керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысы тілге қатысты тағы бір маңызды мәселені атады.
Тілге байланысты тағы бір маңызды мәселе. Бұл – латын әліпбиіне көшу туралы. Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп, алаңдаушылық білдіруде. Бірақ, ең алдымен, бұл лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе. Осыны жақсы түсінген жөн.
Бұған дейін біз 2 рет латын графикасына көшуге тырыстық. Алайда, соңы сәтті болған жоқ. Сондықтан, бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе, бұл үлкен қателікке апарып соғады.
Ең бастысы, азаматтар, әсіресе, жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздердің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек. Яғни, тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сондай-ақ тілге құрметімізді құр сөзбен емес, нақты іспен көрсетуіміз керек екенін жеткізді.
Біздің елде ұлтына, тіліне бола ешбір азаматтың құқы шектелмеуге тиіс. Әйтпесе, қоғамда жанжал тууы мүмкін. Ел ішіне іріткі түскенін қалайтындар осыны тілеп отыр.
Сондықтан, тіл мәселесі бойынша бәріміз ұстамдылық танытуымыз керек деп ойлаймын. Бұл сырт көзге ұлтымыздың өз болашағына деген сенімсіздігі, тіпті, әлсіздігі сияқты көрінеді. Баршамыз тілге құрметімізді құр сөзбен емес, нақты іспен көрсетуіміз керек, – деді Тоқаев.