Түркістан тауларында адасқан 4 адам құтқарылды
Облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлағандай, тауда адасып қалған азаматтар туралы ақпарат кеше сағат 22:10-да 112 байланыс пунктіне түскен. Олар күндізгі сағат 11:00 шамасында Сусіңген көлінен шығып, «Алтын дән» демалыс аймағына бағыт алғаны белгілі болды. Содан қайта оралмаған.
Іздестіру жұмыстарына төтенше жағдайлар қызметінің 17 құтқарушысы мен кинология бөлімінің 1 қызметкері, 2 техника және полиция департаментінің 4 қызметкері, ұлттық парктің 5 қызметкері жұмылдырылған.
Іздеу нәтижесінде жоғалғандар 23 мамыр сағат 02:32-де Құлыншақты таулы шатқалынан табылды. Өздерінің айтуынша, тұманда адасып қалған. Сағат 06:35-те іздеу тобы жоғалғандарды түсіріп, құтқарған. Ешқайсысы медициналық көмекті қажет етпеді, – делінген облыстық ТЖД хабарламасында.