Елордада мәдениет қызметкерлері Мәжіліс депутатымен кездесті
«Мәдениет саласындағы өзекті мәселелер» тақырыбында дөңгелек үстел түрінде өткен кездесуге Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясы, «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені, М. Горкий атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, қалалық Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, «Астаналық цирк», т.б. мемлекеттік мәдениет ұйымдарының жетекшілері мен өкілдері қатысты. Мәдениет саласының майталмандары өздерін толғандырған өзекжарды, өткір мәселелер жайлы сөз тиегін ағытты.
Мәдениет саласының қызметкерлерін толғандыратын басты сұрақ – жалақының басқа тартса аяққа жетпейтіндей аздығы екеніне айрықша тоқталған сала мамандары осыдан туындайтын бірқатар мәселені саусақпен санап көрсетті: жас, қажетті мамандарды жұмысқа тарту қиынға тоқтаса, даярланған, тісқақты мамандар басқа салаға ауысып, жайы келсе шетел асып кетіп жатыр. Сұраныс азайғандықтан, ЖОО-да мамандық бағыты қысқарған, режиссерлер мен композиторлардың да қатары сиреген.
Дөңгелек үстелге жиналғандар базалық-лауазымдық жалақысының мардымсыздығы, мамандардың тұрақтамауы, жас мамандарға арналған жатақханалардың жетімсіздігі, дайындық базасының тапшылығы, мәдениет саласының ерекшелігін ескермеуден мемлекеттік сатып алу жүйесінде туындаған кемшіліктер, кітап қоры мен кітапханашы мүддесін қорғайтын заңның болмауы, мәдениет мекемелерін басқару жүйесін жетілдіру мен жаңартудың зәрулігі, арена әртістерінің зейнетке шығу жасын төмендетудің қажеттігі, т.б. мәселелер бойынша Мәжіліс депутатының алдында ағынан жарылып, мәдениет және өнер қызметкерлерінің мұң-мұқтажын жетесіне жеткізе айтты.
Өзі де өнердің қайнаған ортасынан шыққан айтыскер ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай дөңгелек үстелде ортаға түскен ұсыныстар мен көтерілген мәселелерді Үкіметке жеткізуге уәде берді, мәдениет пен өнер саласының өкілдері көптен бері айтылып жүрген мәселенің «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалмай, нақты шешу тетіктері ертерек әзірленсе екен деген тілекпен тарасты.
Ерлан МАЗАН