Мүгедектігі бар ағайындылар бір айдан астам уақыт құдықта тұрып келген
«Астана» телеарнасының мәліметінше, алькоголь ішпейтінін көрген тұрғындар тамақ әкеліп, көмектесуге тырысқанымен, Виктор мен Николай бөтен адамдармен көп байланыс жасамаған.
Ағайындылардың бірі Николай 16 жасынан бері мүгедек. Алайда құжаттардың жоғалуына байланысты ол ешқандай жәрдемақы ала алмаған.
Олардың екеуінде бір ғана аяқ киім болды. Біздің жігіттер өздерінікін қалдырып, кейін жылы термошұлықтар, күртелер мен тамақтар әкеліп берді. Кейін қалай көмектесетінімізді ойластыра бастадық. Әлеуметтік қорғауға хабарласып, басшылық бізге әлеуметтік орталықтан мобильді патруль жіберді, – дейді ерікті іздестіру жасағының жетекшісі Екатерина Кудряцева.
Кейін бауырлар үйсіздерді әлеуметтендіру орталығына қабылданып, толық дәрігер тексеруінен өткізілген. Өкінішке қарай, тұрған жерлері денсаулықтарына зиянын тигізбей қоймапты. Ағайындардың бірінің аяғынан жан кеткен болса, екіншісінің бір жақ қолы сал болып қалған.
Біз дәл осы жердегі 364-пәтерде тұрдық. Алайда кейін оны сатуға тура келді. Кейін мен түрмеге қамалдым. Шыққан соң осылай құдықта өмір сүруге тура келді. Енді құжаттарымызды жасасақ, пәтер жалдаймыз. Мына жерде де бәрі уақытша. Бізге үй қажет, – деді Николай.
Ер адамдар бұрын ішімдікке салынып, тіпті түрмеге отырғандарын да мойындайды. Жаңа өмірді бастаудың қиын екенін де айта кетті.