Елімізде архив қызметкерлерінің біліктілігін арттыру орталығы ашылды
Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, депутаттар, ғалымдар, архив саласының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, Орталық қызметінің негізгі бағыттарымен, Тәуелсіз Қазақстанның даму тарихын ашатын фотоқұжаттық экспозициялармен танысты.
Құттықтау сөзінде Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов архив саласын жетілдіру, мемлекеттік және ведомстволық архивтердің қызметін автоматтандыру, ақпараттық технологияларды енгізу бойынша қабылданған шараларды атап өтті. Мемлекет «архивші» мамандығының беделін арттыру, кәсіби кадрларды тарту мақсатында кешенді шаралар қабылданғанына назар аударды. Оның ішінде, жалақыны жыл сайын көтеру, дуалді білім беру, «Болашақ» стипендиясын тағайындау т. б. бар.
Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова архив саласы кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау, оның ішінде салалық мамандықтар бойынша – реставратор, ғылыми-техникалық және аудиовизуалды құжаттарды өңдеу бойынша алғаш рет ашылған орталықтың маңыздылығын атап өтті.