00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Жыныстық тәрбиені Ішкі істер министрі де құп көреді

24 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Жыныстық тәрбиені Ішкі істер министрі де құп көреді
ашық дереккөз

«Қылмыстардың көбеюіне тоқталып өтсек, біз 1,5 жыл бойы пандемия жағдайында болдық. Балалар оқу орындарына сабаққа бармады. Олардың көбі үйде, жабық жерлерде болды. Қылмыстың 60 пайызы отбасылық-тұрмыстық жағдайда жасалған. Зәбір көрсеткендердің 20 пайызы – әкелері, өгей әкелері, сондай-ақ аналарымен бірге тұратын адамдар. 50 пайызы – жәбірленушілердің ең жақын туыстары», - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Оның айтуынша, зорлық-зомбылық мәселесі отбасында тұрмыстық тәрбиенің әлсіздігінен туындауда. Сондай-ақ оған балаларға берілетін жыныстық тәрбиенің нашарлығы да себеп болып отыр.

«Зардап шеккендердің 30 пайызы өзара келісім бойынша жыныстық қатынасқа түскен. Бұл – кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер. Мысалы, денсаулық сақтау басқармасы арқылы 70 фактіні анықтадық. Яғни, ведомство полицияға 13-14 жастағы қыздардың жүктілікке тап болған жағдайларын хабарлады. Бұл жерде балаларға тек мектептерде ғана емес, әлеуметтік желілерде де жыныстық тәрбие беру бойынша жұмыстар атқару керек. Бұны қоғаммен бірлесіп жасау қажет», - дейді министр.

Сондай-ақ ол осы жағдайға байланысты кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар штатын жедел түрде 2 есеге ұлғайту туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Айтуынша, қазір тіркеуде сексуалдық зорлық-зомбылық қылмыстары болуы ықтимал 7 мың отбасы тұр. Ал онда 12 мың кәмелетке толмаған бала бар екен.