00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

12 мыңнан астам қазақстандыққа арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды

27 қараша, 2024
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
12 мыңнан астам қазақстандыққа арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен

25 қарашадағы жағдай бойынша 12 835 азаматқа зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды. Аталған төлемді тағайындауға жалпы 13 673 адам өтініш білдірген, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Екі көзден төленетін арнаулы әлеуметтік төлемге (республикалық бюджет және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) 3 151 адам жүгінді, оның ішінде 3 037 адамға тағайындалды.

Төрт қаржыландыру көзінен берілетін АӘТ (республикалық бюджет, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, жұмыс беруші және өмірді сақтандыру ұйымы) тағайындауға 10 522 адам өтініш білдіріп, оның 9 798-іне тағайындалған.

Сондай-ақ, 351 азамат сақтандыру компаниясымен зейнеткерлік аннуитет шартының жасалуын күтуде, 119 азамат СМС хабарламаға жауап бермеген. Міндетті шарттарды орындамағандықтан, 368 өтініш берушіге АӘТ тағайындаудан бас тартылды.

«Өңірлер бойынша арнаулы әлеуметтік төлемдерді алуға өтініш білдіргендердің ең көп саны Қарағанды ​​(2 көзден – 538 адам, 4 көзден – 1 835 адам), Қостанай (2 көзден – 340 адам, ал 4 көзден – 1 151 адам) және Шығыс Қазақстан (2 көзден – 283 адам, ал 4 көзден – 1 173 адам) облыстарында тіркелген», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратында.

Айта кетейік, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді.