Нұрлан Нығматулин: Заңда өнеркәсіпті мемлекеттік қолдаудың нақты шаралары жазылуға тиіс
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин аталған құжат өңдеу өнеркәсібін дамыту және өнеркәсіп саласының инвестициялық тартымдылығы мен экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Осы құжаттағы жаңалықтарының бірі - мемлекеттік қолдау шараларын алушы кәсіпорындар үшін қарсы міндеттемелерді белгілеу. Яғни, мемлекет инвестицияланған ақшадан нақты нәтиже күтуге құқылы.
Бұл ретте, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мемлекеттік қолдау шараларын алу кезінде бизнеске мүмкін емес міндеттемелерді жүктемеу керектігіне назар аударды.
“Мәселен, мемлекеттен қолдау күткен кәсіпкер, өз бизнесін қалай жоспарлайды? Өйткені, ол өзінен не талап етілетінін білмейді ғой. Осы заң жобасының үкіметтік нұсқасында да анық көрсетіліп тұр. Кәсіпкер қатаң талаптан құтылу үшін шенеуніктің алдына барып, өтініш жасауына тура келеді. Әрі қарай түсінікті. Шенеунікке ешқандай бақылаусыз шешім қабылдауға мүмкіндік бер, бірден сыбайластық құқықбұзушылыққа жол ашады. Сондықтан, бұл норманы үкіметтік нұсқа бойынша қалдыруға болмайды”, - деді Мәжіліс төрағасы.
Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин мемлекеттік қолдауға жүгінген кәсіпкерлерге талапты қатаңдатуға болмайтынына назар аударды. Осыған сәйкес, жұмыс тобына жауапты министрлікпен бірге екінші оқылымға дейін тиісті міндеттемелер жөніндегі норманы нақты, анық және түсінікті етіп толықтыру қажеттігін айтты.