Әскерден жалтарған қазақстандықтарды іздеу тәртібі өзгереді
Министрлік сайтында Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін Үкімет қаулысының жобасы жарияланды.
Аталмыш құжатқа сәйкес, бейбіт уақытта әскери қызметке жарамсыз, соғыс уақытында шектеулі жарамды деп танылған, сондай-ақ әскери есептен шығара отырып, әскери қызметке жарамсыз деп танылған адамдарға электронды құжат нысанында мерзімді әскери қызметке шақырудан босату туралы қорытынды шығарылады. Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызмет өткеру кейінге қалдырылған немесе одан босатылған барлық азаматтың жеке істері зерделеу үшін облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясына жолданады.
Құжаттарды тексеру нәтижесі бойынша облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясы әскерге шақырылушының есепке алу картасына аудандық (қалалық, облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясының шешімін бекіту туралы немесе азаматты қайта куәландыруға жіберу туралы белгі жасайды", - делінген құжатта.
Әскерге шақырылушылар аудандық (қалалық, облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясына дәлелсіз себептермен келмеген, сондай-ақ шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған барлық жағдай туралы қорғаныс істері жөніндегі басқармалардың (бөлімдердің) бастықтары оларды іздестіру және әскерге шақыру пунктіне келуін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына хабарлайды.
Сондай-ақ, заң жобасында мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарған және әскерге шақыру кезеңінде медициналық комиссияларына келмеген шақырылушыларды іздестіру үшін Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары бірлескен қызмет жоспарларын әзірлеп, бірлескен тұрақты жұмыс істейтін топтар құратыны айтылған.
Әскери міндетті орындаудан жалтарған азамат ретінде мына санаттағы адамдарға іздестіру жүргізіледі:
- қорғаныс істері жөніндегі басқармаларға (бөлімдерге) алғашқы әскери есепке қоюға байланысты іс-шараларға келуден жалтарғандар;
- әскери қызметке шақыруға байланысты іс-шараларға келуден жалтарғандар;
- шақыру комиссиясына келуден жалтарғандар;
- әскерге жөнелтуге келуден жалтарғандар;
- медициналық тексеруден өтуден жалтарғандар;
- әскери есептен шығарусыз кеткен және жаңа тұрғылықты жері бойынша әскери есепке уақтылы тұрмаған азаматтар (ұзақ іздестірудегі азаматтар).
Түзетулердің толық мәтіні 18 қазанға дейін "Ашық НҚА" сайтында жария талқылау үшін орналастырылған.