Түркиядағы жер сілкінісінен жиырмаға жуық адам жарақат алды
Түркияның батыс өңірінде болған жер сілкінісінен кейін елдің Денсаулық сақтау министрі Кемаль Мемишоғлу зардап шеккендер туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Министрдің сөзінше, зілзала кезінде секіріп кеткен, құлап кеткен 19 адамның төртеуi емін аяқтап, ауруханадан шыққан. Қалғандарының жағдайы бірқалыпты, олар медициналық көмек алып жатыр.
«Барлық науқастарға тез сауығып кетуді тілеймін. Жаратқан еліміз бен халқымызды кез келген апаттан аман етсін», – деп жазды Мемишоғлу әлеуметтік желідегі парақшасында.
Президент Режеп Тайып Ердоған өңір әкімдеріне төтенше жағдайға жедел әрекет етіп, зардап шеккендерге барынша көмек көрсетуді тапсырды.
Anadolu агенттігінің хабарлауынша, 27 қазанда Түркияда күші 6,1 баллдық жер сілкінісі болды. Эпицентрі Балыкесир провинциясындағы Сындыргы қаласы маңында, шамамен жеті шақырым тереңдікте орналасқан. Жерасты дүмпулері Стамбул, Измир мен Бурса қалаларында сезілген. Кей елді мекендерде ғимараттар жартылай қирап, инфрақұрылымға зақым келген. Апат аймағына Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері жұмылдырылды. Қазіргі таңда оқиға орнында залалды бағалау жұмыстары жүріп жатыр, сондай-ақ тұрғындарға арналған уақытша баспаналар ұйымдастырылған.
