«Есі ауысқан»: Дональд Трамп журналисті зорлады деп айыпталып жатыр
Дональд Трамптың басы тағы да дауға қалды. Бұл жолы зорлау ісі бойынша сот отырысы өтеді, деп хабарлады Elorda.info.
ВВС-дің жазуынша, америкалық журналист Э. Джин Кэрролл дүкеннің киім ауыстыратын бөлмесінде өзін Трамптың зорлағанын айтып, сотқа шағымданған. Бір қызығы, бұл оқиға осыдан 30 жыл бұрын болған екен. Сол себепті де іс қылмыстық емес, азаматтық сотта қаралмақ.
Журналистің айтуынша, оқиға шамамен 1995 жылдың аяғында немесе 1996 жылдың басында болған. Манхэттендегі Bergdorf Goodman дүкенінде ол болашақ Президентті кездейсоқ кездестіреді. Кейін Трамп сыйлыққа әйелдер іш киімін алу керек деп журналисті дүкен аралауға шақырған. Тіпті экс-президент журналиске сол іш-киімдерді киіп көруді өтініпті. Ақыр соңында бұл жағдай Трамптың Кэроллды қабырғаға тақап, күшпен зорлауымен аяқталады.
Дегенмен Трамп 30 жыл бұрын болған істің шындыққа мүлдем жанаспайтынын айтып, кінәсін мойындаудан бас тартып жатыр. Журналисті «есі ауысқан», «психикалық ауруы бар» деген.
Азаматтық сот отырысы осы аптада өтеді. Егер экс-президент ісі дәлелденсе, ол сотталмайды, тек айыппұлмен құтылады. Өйткені іс ұзақ жыл бұрын болған. Алайда саяси өміріне нұқсан келтіруі әбден мүмкін.