2070 жылға қарай жапониядықтар саны азаяды
Алдағы 50 жыл ішінде Жапония халқы үштен бірге қысқарып, 87 миллион адамға дейін азаяды, деп хабарлады Elorda.info Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Тиісті болжамды Жапонияның Денсаулық сақтау, Еңбек және әл-ауқат министрлігі жанындағы Ұлттық халық және әлеуметтік қауіпсіздікті зерттеу институты жариялады.
Мәселен, 2070 жылға қарай Тынық мұхиты мемлекетінің халық саны 2020 жылмен салыстырғанда 30 пайызға кемиді.
Жаңартылған болжамға сәйкес, 2020 жылы 126,1 миллион адамды құрайтын Жапония халқының жалпы саны 2056 жылы 100 миллион адамнан аспайды.
Шетелдіктердің, оның ішінде 3 айдан астам уақыт бойы елде тұратын студенттер мен жұмысшылардың үлесі 2020 жылдан 2070 жылға дейін 2,2 пайыздан 10,8 пайызға дейін артады.
Болжамға сәйкес, 2022 жылы 800 мың деңгейінен төмен түскен туу көрсеткіші 2043 жылға қарай 700 мыңнан, ал 2070 жылға қарай жылына 500 мыңнан аз болады.
Жапонияның әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің тірегі 15 пен 64 жас аралығындағы жапон халқының саны 2020 жылы 75 миллион адамды құрады. Институт 2070 жылға қарай бұл сегмент 45,3 миллион адамға дейін қысқарады деп есептейді.