Премьер-министр маңызы бар жолдардың құрылысы созылып кеткенін айтты

Бүгін, 17:50
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views47
Премьер-министр маңызы бар жолдардың құрылысы созылып кеткенін айтты
Фото: Freepik.com

Бүгін Олжас Бектенов автомобиль жолдарын салу, күрделі жөндеу және күтіп ұстау кезінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді тапсырды, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жол инфрақұрылымының жай-күйіне назар аударды.Премьер-министр кейбір жолдардың, әсіресе жергілікті маңызы бар жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстары созылып кеткенін баса айтты.

 Бұл ретте құрылысы аяқталмаған учаскелерде тиісті жол белгілері мен ақпараттық тақталар, уақытша жол таңбалары жоқ. Кейде ескерту белгілері талапқа сай болмағандықтан, жүргізушіге көріне бермейді. Мұндай жағдайлар жол апаттарына алып келеді.

Олжас Бектенов мысал ретінде Павлодар облысында орын алған жағдайды атап өтті, онда «Сұлужон-Екібастұз» автожолының бір бөлігін су шайып кеткен. Алайда ол жерде жуырда 5 қыркүйек күнгі екі адамның қазасынан кейін ғана жол қозғалысына тыйым салынған. Осыған байланысты Премьер-министр тиісті министрліктер мен әкімдіктерге тапсырма берді.

«Көлік министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, автомобиль жолдарын салу, күрделі жөндеу және күтіп-ұстау кезінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді тапсырамын. Бұл жерде Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, құрылыс және жөндеу жұмыстары барысында стандарттардың қатаң сақталуына бақылауды қамтамасыз ету қажет. Барлық қауіпті жол учаскелеріне тексеру жүргізіп, шаралар қолдану керек. Өңір әкімдіктері күре жолдардың маңында мал жаю мәселесі бойынша төрт түлік иелерімен түсіндіру жұмыстарын қамтамасыз етсін», - деп атап өтті Олжас Бектенов.