Қазақстанда жемқорлардан қайтарылған ақшаға 400-ден астам әлеуметтік нысан салынып жатыр


Мемлекетке қайтарылған активтерден 434,3 млрд теңге түскен. Үкімет отырысында премьер-министрдің төрағалығымен өткен жиында қаржы министрі Мәди Тәкиев елге заңсыз шығарылған активтерді қайтару және сол қаражатты әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұмсау барысы туралы есеп берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Министрдің айтуынша, Арнаулы мемлекеттік қорға заңсыз жолмен шетелге шығарылып, кейін мемлекетке қайтарылған активтерден 434,3 млрд теңге түскен.
400-ден астам әлеуметтік нысан қаржыландырылды.
Қайтарылған қаражаттың ішінен 318,1 млрд теңгеге 406 жоба іске асырылған. Бұл жобалар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған:
- 230 су жабдықтау және су бұру желісі бойынша жоба;
- 162 денсаулық сақтау саласына қатысты жоба;
- Білім беру саласындағы 10 нысан;
- Спорт саласында 4 жоба жүзеге асырылған.



