Қазақстанда жұмыссыздықтың төмен деңгейі сақталып отыр – вице-министр

Бүгін, 10:24
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстанда жұмыссыздықтың төмен деңгейі сақталып отыр – вице-министр
Фото: primeminister.kz

Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметовтың мәліметінше, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 4,6% деңгейінде сақталып отыр. Жұмыспен қамтылғандар қатары жалдамалы жұмыскерлер есебінен өсіп отыр, олардың саны 7,1 миллион адамға жетті, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны – 2,1 млн адам.

Ағымдағы трендтер қатарында негізгі үш бағытты ерекшелеп айтуға болады. Олар:

Біріншіден – цифрландыру мен автоматтандыру. Қазіргі мамандықтардың көбісі цифрлық дағдыларды талап етеді.

Екіншіден – платформалы жұмыспен қамту және электрондық сауда. Адамдардың көбісі онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейді, фриланспен, электрондық саудамен және т.б. айналысады.

Үшіншіден – елімізде халықтың саны өсуде, соның нәтижесінде жыл сайын еңбек нарығына келіп жатқан жастардың қатары артуда. Болжам бойынша 2035 жылға дейін бұл көрсеткіш жылына 360 мың адамға дейін өсуі мүмкін. Бұл еңбек нарығына қосымша салмақ түсіреді.

Оңтүстік өңірлерден солтүстік өңірлерге еңбек көші-қонын ынталандыру шаралары кеңейтілуде. Оған қосымша әлеуметтік қолдаудың кеңейтілген топтамасын ұсынуға және қоныс аударушыларды жаңа жерге кешенді бейімдеуге бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылуда.

Білім жүйесін жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Ол түлектер диплом ғана алмай, сұранысқа ие және қалауларына сәйкес келетін мамандықтар алуларына, оқуды аяқтағаннан кейін бірден жұмыс табулары үшін білім беру жүйесін еңбек нарығының талаптарына бейімдеуді жеделдетуге бағытталған.

Ашықтықты арттыру және көлеңкелі жұмыспен қамту деңгейін төмендету мақсатында электрондық еңбек шарттарын және электрондық штаттық кестені ендіруді көздейтін шаралар іске асырылуда, - деді Асқар Биахметов.