Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту аясында 500-ден астам нысанның құрылысы аяқталды


ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында денсаулық сақтаудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Вице-премьер өңірлерде заманауи ауруханалардың құрылысы және медициналық мекемелерді жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жыл сайын ана мен бала өлімі төмендеп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жақсаруда.
«Президенттің «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша тапсырмасына сәйкес 500-ден астам нысанның құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін тағы 140-тан астам ауылдық амбулаториялар мен медициналық пункттер іске қосылады. Өңірлерге сапар барысында осы нысандардың құрылыс барысымен, сондай-ақ олардың медициналық кадрлармен қамтамасыз етілуімен танысқанымды атап өткім келеді. Жалпы, ауыл тұрғындары атап өткендей, ұлттық жобаның нәтижесінде ауылдағы медициналық көмектің қолжетімділігі артып келеді», - деді Ермек Көшербаев.
Ол сондай-ақ соңғы уақытта дәрігерлер мен медбикелерге қатысты зорлық-зомбылық жағдайлары олардың кәсіби міндеттерін орындау кезінде жиілеп кеткенін айтты. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша депутаттық корпуспен бірлесіп осындай әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылықты қатаңдату бойынша заңнамалық түзетулер пакеті әзірленді.



