«12 айдың қаражатын төлеу заңда жазылған» – министр МӘМС-ті уақытылы төлемесе, жүйеге енбейтінін айтты


Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұл туралы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
БАҚ өкілі «Жұмысқа кіргеніне 2-3 ай болған адам емханаға барып емделейін десе, оған әуелі МӘМС-тің соңғы бір жылғы ақшасын төлеу міндеттелген екен. Осы талап орынды ма? Бұл талап неге өзгермейді?» деген сауал қойды.
«МӘМС туралы заң аясында мемлекет тарапынан қорғалатын 15 әлеуметтік осал топ бар. Зейнеткерлер, 18 жасқа дейінгі балалар, мүгедек жандар, көп балалы аналар, басқа да осындай 15 санатқа бөлінген 11 млн 900 халық үшін мемлекет қаражат төлеп отыр. Қалған азаматтарымыз үшін МӘМС жүйесіне қаражат төлеу міндетті. Медициналық қызметті алатын кезде медициналық сақтандыру жүйесіне ену үшін алдағы 12 айдың қаражатын төлеу (ең төмені 4250 теңге) заң аясында жазылған. Осы уақытқа дейін өтіп кеткен 12 айға төлеу нормасы болса, біраз сұраныстарға байланысты бұл норма алдағы 12 айға төлеу нормасына өзгерді. Азамат содан кейін ғана тиісті көмекті алуға құқылы. Бұл дұрыс норма деп есептеймін», - деп жауап берді бұл сауалға Ақмарал Әлназарова.



