Елімізде жылдам жүретін пойыздар саны арта ма – көлік министрі жауап берді


Үкімет үйіндегі баспасөз конференциясында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев алдағы жылдарда елімізде жүрдек пойыздар болмайтынын айтып, оның себебін түсіндірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Жолаушылар пойыздарының жету уақыты ұзарды. Бұл екі мәселеге байланысты. Біріншіден, жүк және жолаушы тасымалдайтын пойыздар бір жолмен жүреді. Транзит көбейгенде траффик те үлкейеді. Екіншіден, қазіргі кезде болат жолдың бойында өте көп құрылыс және жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Осындай кезеңде пойыздар да жай жүреді. Өйткені 2,5 мың шаршы метр теміржолға күрделі жөндеу жасалмаған. Осы жайттарды ескерсек, менің ойымша, үш, тіпті бес жыл шамасында бізде тез жүретін жолаушы пойыздары болмайды», - деді көлік министрі.
Нұрлан Сауранбаев биыл елімізге 51 Stadler вагоны әкелінетінін айтты. Дегенмен Stadler вагондары пойыздың жылдамдығына әсер етпейді, бұл вагондар жайлылық жағынан ғана ыңғайлы. Ал жүрдек пойыз Talgo болып қала бермек, өйткені әдеттегі пойыздар сағатына 89 шақырым жылдамдықпен жүрсе, Talgo сағатына 130-140 шақырым жылдамдықпен жүйткиді.