Агроөнеркәсіптік кешенде жұмыспен қамтамасыз ететін 285,5 мың өндіруші жұмыс істейді


Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде шамамен 1 млн адамды жұмыспен қамтамасыз ететін 285,5 мың өндіруші жұмыс істейді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ол АӨК салалары бойынша кадрларға жалпы қажеттілік шамамен 6,5 мың адамды, оның ішінде 3,5 мыңнан астам білікті қызметкерді құрайтынын атап өтті.
Аграрлық саясаттың басымдығы – заманауи технологияларды бір мезгілде енгізе отырып, ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы құрылымдарында өнім өндіру ауқымын кеңейту.
2024 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі бір жұмыспен қамтылғандарға шамамен 5 млн теңгені құрады, бұл 2023 жылғы ұқсас көрсеткіштен 16%-ға жоғары (4,2 млн теңге).
«Осы жылдың бірінші тоқсанында бұл өсім сақталуда және еңбек өнімділігінің 10,6%-ға артуы байқалады. Бұл динамика саланың тиімділігінің артқанын көрсетеді, бірақ бұл сөзсіз еңбек ресурстарына, әсіресе тұрақты жұмыспен қамту бөлігінде қажеттіліктің төмендеуіне әкеледі. Бұдан бөлек, аграрлық саладағы еңбек ресурстарына қажеттілік ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығына байланысты», - деді Аманғали Бердалин.



