Жас әлем чемпиондарымыз ересектер арасында қалай өнер көрсеткен?
Күрестен Амманда (Иордания) өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында жерлесіміз Исхар Құрбаев топ жарды. Осы орайда бұған дейін әлем чемпионы атанған балуандарымыздың мансабын Elorda.info тілшісі саралап шықты.
2023 жыл. Иордания. Грек-рим күресі. 55 келі. Исхар Құрбаев
2021 жыл. Ресей. Әйелдер күресі. 57 келі. Нилуфар Раимова
Тамыз айында жастар арасында топ жарған Нилуфар бірден ересектерге ауысты. 2 айдан соң, ересектер арасындағы әлем чемпионатына қатысып, екінші айналымда Азия чемпионы, болашақ күміс жүлдегер Аншу Маликке (Үндістан) 5:15 есебімен есе жіберді. Жұбаныш белдесуінде қола жүлдегер атанатын Моңғолия балуанынан 0:10 есебімен жеңілді.
2016 жыл. Франция. Грек-рим күресі. 74 келі. Тамирлан Шадукаев
2017 жылы жабық ғимараттағы Азия ойындарында қола жүлдегер атанды.
2020 жылы Азия чемпионы атағын, 2019 жылы 3-орын алды.
2022 жылы Белградта өткен әлем біріншілігіне қатысып, 1/4 финалда әлем чемпионы Золтан Леваиден (Венгрия) 0:9 есебімен жеңілді.
2009 жыл. Түркия. Грек-рим күресі. 50 келі. Артур Үмбетқалиев
Ересектер арасында жетістіктерге жетпеген.
2008 жыл. Түркия. Әйелдер күресі. 44 келі. Элеонора Абуталипова
Ересектер арасында жетістіктерге жетпеген. Бұл салмақта әлем чемпионатының 2 мәрте жүлдегері Жұлдыз Эшимова белдесті.
2003 жыл. Түркия. Грек-рим күресі. 60 келі. Нұрбақыт Теңізбаев
Жастар арасында әлем чемпионы атанғандардың ішінен ең ірі жетістікке жеткені – Нұрбақыт Теңізбаев.
2008 жылы Бейжің Олимпиадасында жартылай финалға дейін жетіп, Әзербайжан балуанынан 1:8 есебімен жол берді. Бірақ 8 жылдан соң, қарсыласынан допинг табылып, Нұрбақыт күміс жүлдегер атағына ие болды.
2009 жылы әлем чемпионатында қола жүлдегер және Азия чемпионатында 3 мәрте жеңіс тұғырынан (2004 жыл – күміс, 2005 жыл – қола, 2006 жыл – алтын) көрінді.
2001 жыл. Өзбекстан. Грек-рим күресі. 54 келі. Әсет Иманбаев
Жастар арасында 2 дүркін әлем чемпионы атанған әзірге жалғыз отандық балуан.
Ересектер арасында 2002 жылы Азия ойындарында топ жарды. 2003, 2004 жылдары Азия чемпионы атанды. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында 13-орынды місе тұтты.
2000 жыл. Франция. Еркін күрес. 58 келі. Әбіл Ибрагимов
2000 жылы Сидней Олимпиадасына қатысып, қола жүлдегер Тэдди Брендстен жеңілді. 2004 жылы Әзербайжан сапына ауысып кетті. 3 әлем чемпионатына қатысқанымен, жүлдеге іліге алмады.
2000 жыл. Франция. Еркін күрес. 63 келі. Иосиф Момцелидзе
1980 жылы Грузияда өмірге келген. 1994 жылы Қазақстанға келіп, Әлия Молдағұлова атындағы спорт мектебіне түсті. Нәтижесінде Қазақстан азаматтығын алды.
2000 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанған соң, ересектерге ауысады. Сидней Олимпиадасының лицензиялық екі турнирінде (Мексика, Германия) күміс, қола жүлдеге қол жеткізді. Нәтижесінде Олимпиада лицензиясын жеңіп алды. Ел ішіндегі белдесуде жастар арасындағы әлем чемпионы Әбіл Ибрагимовке есе жіберіп, Олимпиадаға бармады.
2003 жылы АҚШ-та өткен әлем чемпионатында қырғыз балуанынан жеңіліп, Афина Олимпиадасының лицензиясынан айырылды.
2000 жыл. Франция. Грек-рим күресі. 54 келі. Әсет Иманбаев
1996 жыл. Ресей. Еркін күрес. 74 келі. Рамзан Мұртазалиев.
1995 жылға дейін Ресей сапында күресіп, 1994 жылы жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған. 1995 жылы Қазақстанға ауысты.
Ересектер арасында 1997 жылы Азия кубогында 2-орын, 1998 жылы Иранда өткен әлем чемпионатына қатысып, 1/8 финалда Беларусь (1:2), жұбаныш белдесуінде Өзбекстаннан (0:6) жеңіліп, 11-орынға тұрақтаған.
Қанат БАЙҰЗАҚОВ