00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Гүлнар Нүсіпова: Президент сұхбатында көтерілген мәселелер әрбір қазақстандықтың жүрегіне жетті

Гүлнар Нүсіпова: Президент сұхбатында көтерілген мәселелер әрбір қазақстандықтың жүрегіне жетті
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбаты еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды мәселелерді қамти отырып, қоғамдағы өзекті тақырыптарға терең жауап береді. Президент сұхбаты туралы Философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері Гүлнар Нүсіпова осылай деп пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Гүлнар Игенбайқызы бұл сұхбатта жастарға, білім мен ғылымға ерекше назар аударылып отырғанын және білім мен тәрбиенің жаңа кезеңін қалыптастыруға айрықша мән беріліп отырғанына тоқталды. Оның пайымдауынша, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының енгізілуі, жаңа мектептер мен университеттердің ашылуы, білім саласына бөлінген қаржының артуы – жастардың жарқын болашағын қамтамасыз ететін нақты қадамдар. 

«Бүгінгі таңда жас буынның алдында үлкен мүмкіндіктер ашылды. Әр адам өз талантын дамытып, білім алып, елдің болашағына үлес қоса алады. Жастарға қойылатын басты талап – білімге құштарлық, еңбекқорлық және туған елге деген адалдық. Ал қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәселелерге жауапкершілікпен қарау – ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі болғандықтан, бұл – жастардың жүзеге асыра алатын ірі қадамдарының бірі. Сондықтан қоғамның дамуы жастардың азаматтық белсенділіктері мен саналы шешімдеріне байланысты», - деді Г. Нүсіпова.

Сонымен қатар спикер Президенттің су ресурстарын басқару, ұлттық мәдениет пен бұқаралық спортты дамыту мәселелеріне көңіл бөлуі – елді ұзақ мерзімді тұрақты дамуға бағыттайтын стратегиялық көзқарас екенін көрсететінін айтты.

«Әсіресе, сұхбатта көтерілген әділеттілік, заң үстемдігі және ел азаматтарының әл-ауқатын жақсарту туралы ойлар әрбір қазақстандықтың жүрегіне жетті деп ойлаймын. Әділетті Қазақстан құруға бағытталған реформалар ел болашағына деген сенімімізді нығайта түседі. 

Президенттің еліміздің халықаралық аренадағы бейбітшілік пен тұрақтылық жолындағы рөлін ерекше атап өтуге болады. Бұл біздің еліміздің әлем қауымдастығындағы орнымызды нығайтатын маңызды бастамалар болып табылады. Сондықтан бұл сұхбат әрбір қазақстандыққа ой салып, елдің даму жолында жауапкершілік алуға шақырады. Президенттің «Барлық қиындықты еңсеріп, ұлт ретінде дамимыз» деген сөзі – біздің болашаққа деген сеніміміздің негізі. 

Қазақстанның жарқын болашағы тек жастардың қолында екенін ескере отырып, алдағы уақытта білім алу және өзін-өзі дамыту жолында еліміздің жастарына үлкен табыс тілеймін!» - деді ол.