00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Гүлнар Омарова: Алдағы уақытта басымдық берілетін бағыттар сараланды

Гүлнар Омарова: Алдағы уақытта басымдық берілетін бағыттар сараланды
фото: Akorda.kz

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 3 қаңтар күні республика деңгейіндегі өзіндік орны бар баспасөз құралы «Ana tili» газетіне ауқымды сұхбат берді. Мемлекет басшысының сұхбаты туралы Философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының кандидаты Гүлнар Омарова пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Мемлекет басшысы «Ana tili» газетіне берген сұхбатында өткен жылды қорытындылай келе, алдағы уақытта басымдық берілетін бірқатар бағыттарды саралап, әлі де дамытуды қажет ететін салаларды атап көрсетті. Осы бағыттар ішінде Президент елімізде шетелдік оннан астам беделді жоғары оқу орны филиалдарының ашылуы ел азаматтарының жасампаздық әлеуетін арттыру үшін қажетті инвестиция екенін айтты. Мұндай тәжірибелер өзге елдерде кең өріс алғаны белгілі. Бұл бағыттар ғылым мен білім салаларында өзара тәжірибе алмасуға оңтайлы ықпал ететінін байқауға болады», - деді Гүлнар Омарова.

Сарапшы сұхбатта «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы сөз болғанын атап өтті.

«Президенттің «Таза Қазақстан» ұлттық жобасының аула тазалаудан ауқымының әлдеқайда жоғары екендігін атап көрсеткендегі басты ойы қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру екенін байқауға болады. Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатты аялау ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуы керек, бұл құндылық барлық шет елдерде қалыптасқан құбылыс екеніне назарымызды аударып, «Таза Қазақстан» жобасының жүзеге асуына ең алдымен әкімдер жауапты екенін айтты. Мемлекет басшысы бұл бастамаға халықтың, әсіресе жастардың барынша қолдау білдіргеніне ризашылығын білдірді. Ол науқан емес, басқа дамыған елдердегі секілді озық ойлы қоғам қалыптастыру жолындағы платформа екенін, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастырудың жолы екенін ашып көрсетті. Сонымен қатар Президент ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға арналған ұлттық жоба аясында ауылдық жерлерде медицина нысандарын салу жалғасын тауып, елімізде 460 мың оқушыға арналған 217 жайлы мектеп салу жоспарланғанын, оның 105-інің құрылысы аяқталғаны туралы айтты», - деді ол.

Философия ғылымдарының кандидаты Президенттің ауыз су мәселесі туралы айтқан пікіріне тоқталды.

«Мемлекет басшысы су ресурстарын басқару жүйелерін саралап, Парламентте жаңа Су кодексінің жобасы қаралып жатқанын атап өтті. 2030 жылға дейін 40-тан астам су қоймасын салу және 37 су қоймасын жөндеу қарастырылып отырғаны, сондай-ақ ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын ирригация каналдарын жаңғырту көзделіп отырғаны жайында айтты. Президент көтеріп отырған бұл мәселе қазіргі кезде әлемдік деңгейде өте күрделі проблемаға айналып отыр. Ғалымдар әлемдегі су тапшылығының орын алуы үлкен саяси, әлеуметтік-экономикалық проблемалардың туындауына ықпал етуі мүмкін екендігін алдын ала болжады. Қазірден бастап шет елдерде су ресурстарын терең зерттеп, тәжірибелер жүргізетін көптеген ғылыми-зерттеу орталықтары, арнайы су проблемаларын зерттеумен айналысатын көптеген институттар жұмыс істейтінін айтуымыз керек. Президент осы мәселелерді ескере отырып, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылғанын айтты», - деді Гүлнар Омарова.

Сарапшы елімізде су ресурстарын зерттеуге жеткілікті назар аударылуы қажет деп есептейді.

«Қазақстанда су ресурстарын зерттеумен айналысатын мамандар жоқтың қасы. Әрине, елімізде су тасқыны кезінде волонтерлар, жалпы халық болып зардап шеккендерге қолдау білдіргені белгілі. Біздің еліміздегі бірқатар су көздерінің арнасы шет елдерден басталады. Сондықтан елімізде тек қарғын судан зардап шеккен аймақтарға назар аударып қана қоймай, жалпы су ресурстарын терең зерттеуге, экологиялық апаттардың алдын алу, су қоймаларын тиімді қолдануға мүмкіндік беретін оңтайлы жолдарды жан-жақты қарастырып, елімізде 2026 жылы БҰҰ қолдауымен өтетін Өңірлік климат конференциясына дайындық ретінде жаһандық су ресурстарын зерттеуге жеткілікті назар аударылуы қажет деп ойлаймын», - дейді ол.