00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Астанада тағы бір жайлы мектеп пайдалануға берілді

Астанада тағы бір жайлы мектеп пайдалануға берілді
Фото: Сұлтан Сейіт

Астанада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған №100 орта мектептің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мектептің ашылуына Астана қаласы мәслихатының депутаты Бахаргүл Төлеген, Астана қаласы Білім басқармасы жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Асыл Амангелдіқызы және BI GLOBAL компаниясының өкілі Саят Қысманов қатысты.

Екі мың балаға арналған білім орны жаңа технологиялар мен талаптарға сай жабдықталған. Мұнда заманауи кабинеттер, физика, химия, биология пәндеріне арналған зертханалық кабинеттер, 450 орынға арналған зал, коворкинг орталығы бар. Сондай-ақ 4 спорт зал, 400-ге жуық орынға арналған асхана жұмыс істейді. Логопед, дефектолог, психолог кабинеттері де қарастырылған.

«Құрметті оқушылар, ата-аналар, ұстаздар және қонақтар!  

Он алтыншы «Жайлы мектептің» ашылуына қош келдіңіздер! Жайлы мектеп – жаңа мүмкіндіктер мекені болмақ. Осы мектепте білім алатын әрбір оқушы, әрбір ата-ана оқу ордасына қуанып келетіндей жағдай жасаймыз.

Мектептің эмблемасындағы 100 санының ішіне баланың бейнесін қойдық. Әрбір бала – жарық жұлдыз. Сол жарық жұлдызды жағатын біздің жаңашыл идеяларға толы ұстаздарымыз бар. Мектепке басқа өңірлерден де мамандар келіп жатыр. Мұндай мектепте жұмыс істеу мұғалімдерге шабыт сыйлайды.

Астананың №100 орта мектебінің ашылғаны құтты болсын!» - деді мектеп директоры Мұрат Ахметов.

Мектеп директорының айтуынша, мұнда елордадағы №71, №79 және №90 мектептердің оқушылары құжаттарын тапсырған. Бұл үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

«Үйіміздің жанында «Жайлы мектептің» ашылғанына өте қуаныштымын. Мемлекет басшысына, Астана әкіміне ризашылығымды айтамын. Ата-аналар қуанып, балаларымызды осында әкелдік. «Жайлы мектеп» жайлы болатынына сенемін», - дейді ата-аналардың бірі Зарина Рүстемқызы.

Мектеп директоры ата-аналар мен мәртебелі қонақтарға білім ордасын таныстырып шықты.

«Мен осындай мектепте оқитыныма қуанып тұрмын. Сабағымды жақсы оқуға тырысамын. Өзім қазақ тілі, ағылшын тілі пәндерін сүйіп оқимын», - дейді 3-сынып оқушысы Томирис Құнанбай.

Айта кетейік, мектепке 200-ге жуық бейнекамера қойылған. Тіпті оқушыларды мектепке таситын автобус та қарастырылған.

Салтанатты іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты.