00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

JOLTAP: Астаналық бойжеткен курстан кейінгі жетістіктері туралы айтты

JOLTAP: Астаналық бойжеткен курстан кейінгі жетістіктері туралы айтты
Фото: «Баршаға мүмкіндік» қоғамдық қорынан

Астанада жүзеге асырылып жатқан JOLTAP жобасы қала тұрғындарына жұмыс тауып беріп қана қоймай, біліктілігін және кәсіби мүмкіндіктерін арттыруға көмектесіп жатыр. Жоба түлегі Айсұлу Сәметова оқу барысы туралы ой бөлісті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Айсұлу жиһаз дизайны саласында жұмыс істейді. Декреттік демалыста бос уақыты болғандықтан өзіне таңсық мамандықты меңгермек болады. Осылайша ол JOLTAP жобасы туралы әлеуметтік желіден білген.

«Instagram желісіндегі хабарламаға көзім түсіп кетті. Мұны өзімді дамытуға, көзқарасымды кеңейтуге және жаңа мамандықтарды игеруге қажет мүмкіндік деп көрдім. Жоба маған қажет нәрсенің бәрін береді деген үміт болды. Осыған дейін жиһаз жасау саласында жұмыс істегенмін, бірақ жүйелі білім жетіспейтін. JOLTAP курстары маған барлық білгенімді жүйелеуге және жаңа дағдыларды меңгеруге көмектесті», - дейді Астана тұрғыны.

Алдымен ол жиһаз құрастырушы мамандығы бойынша оқуды таңдаған. Курстар тәжірибелі мұғалімнің жетекшілігімен өтті. Айсұлудың айтуынша, тәжірибеге ерекше көңіл бөлінген.

«Біз өлшемдерді есептеуді, материалдарды таңдауды және жиһаз құрастыруды үйрендік. Курстың соңында жиһазды өз бетімше құрастыра алатын болдым. Бұл білім мамандығыма деген сенімділікті арттыруға және біліктілігімді кеңейтуге мүмкіндік берді», - деп атап өтті дизайнер.

Курс барысында Айсұлу жиһаз дизайнері ретінде өзіне қажет білімді толықтай меңгергенін айтты.

Алайда ол мұнымен тоқтап қалған жоқ. Курсты оқып жүріп, мобилографияға да қызығушылық танытты. Сол себепті осы мамандықты қосымша меңгеріп алмақ болды.

«Қысқа мерзімде қарқынды оқыту курсынан өттік. Негізгі назар тәжірибеге берілді. Көп ұзамай кәсіби мобилографияны үйрендім. Бұл білім маған карьералық мүмкіндіктерімді кеңейтуге көмектесті, енді оны жұмысыма да қолдана аламын. Тиісінше жалақым да артты», - деп атап өтті жоба түлегі.

Айсұлудың пікірінше, бұл жоба өзін жаңа салада байқап көруге немесе мамандығы бойынша дағдыларды дамытуға ерекше мүмкіндік береді.

«Мен JOLTAP жобасына біліктілігімді арттыруға көмектескені және жаңа мақсаттарға шабыт бергені үшін өте ризамын. Соның арқасында кәсіби құзіреттілігімді арттырып қана қоймай, жаңа адамдармен таныстым», - деп бойжеткен сөзін түйіндеді.