00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

«Жүрегімнің жеңімпазы»: Астанада қайырымдылық жүгіру жарысы өтті

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Жүрегімнің жеңімпазы»: Астанада қайырымдылық жүгіру жарысы өтті
фото: Астана қаласы әкімдігінен

EXPO кешенінің алдында «Жүрек орталығы» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен 3, 10 шақырым қашықтыққа жүгіруден қайырымдылық марафоны өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Елорда төрінде екінші мәрте ұйымдастырылып жатқан іс-шарада 1 300-ден астам қатысушы Түркістан – Ақмешіт – Ботаникалық саябағы арқылы 2 қашықтық бойынша жүгірді.

3 шақырымға жүгіру – 6 000 теңге;

10 шақырымға жүгіру – 9 000 теңге.

Бұл шараның басты мақсаты – донор болу жайлы ақпаратты барынша қоғамға жеткізу.

Былтыр алғаш рет өткізілген қайырымдылық жүгіру сайысы Ботаникалық саябақта өткен еді. Себебі, саябақта жүрегін донор еткен жандардың құрметіне орнатылған «Сый» инсталляциясы орнатылған.

2023 жылдың 10 мамырындағы статистикасына сәйкес, 3 884 пациент орган ауыстыру бойынша кезекте тұр.

Бүйрек: ересектер – 3 450, балалар – 80;

Бауыр: ересектер – 173, балалар – 10;

Өкпе: ересектер – 16, балалар – 0;

Жүрек: ересектер – 142, балалар – 7.

2021 және 2022 жылдар бойынша Қазақстанда 4 қайтыс болған адам донор болған (тек 2022 жылы елімізде 133,5 мың адам өмірден өткен). Олар 25 адамның өмірін арашалаған. 2021 және 2022 жылдың 10 ай қорытындысы бойынша, өз кезегін күту барысында 558 пациент көз жұмған.

«Жүрегімнің жеңімпазы» атауымен ұйымдастырылған жүгіру марафонының өзгелерден ерекшелігі – мұнда жеңімпаз болмайды. Кез келген адам жарна төлеп, өз ниетіне байланысты жүгіреді.

Чемпион атанбайтынын білсе де, желаяқтардың қатары көбеймесе, азаймаған. Мысалы, 2022 жылы 500 қатысушы болса, биыл 1 300-ден астам спортсүйер жандар жиналды.

Жүгірген сәтте ана, әйел, қызметкер екеніңді ұмытып, өз-өзіңмен жүгіресің. Өзіңе есеп беруге мүмкіндік туындап, әрі физикалық жағынан да шыңдалуға мүмкіндік береді. Астана қаласында апта сайын әртүрлі мақсатта марафондар өткізіліп жатыр. Әр демалысымда жүгіру дәстүрге айналып кетті десем болады. Тек қана жүгіріп қана қоймай, өзгелерге де қол ұшын тигізгеніме қуаныштымын, - дейді IT маманы Қалқажан.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараға кәсіби спортшылардан бөлек, дәрігер, өз кезегін күтіп жүрген науқастар, донорлар да қатысты.

Қанат БАЙҰЗАҚОВ