00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Жүрегіңізге жақын саланы таңдаңыз - Абзал Әжіғалиев

23 қаңтар, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Жүрегіңізге жақын саланы таңдаңыз - Абзал Әжіғалиев
фото: Василий Крась

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Jastar talks» форматы аясында шорт-тректен қысқы Олимпиада қатысушысы, әлем кубогының жеңімпазы Абзал Әжіғалиев Жоғары көлік және коммуникация колледжінің студенттерімен кездесті, деп хабарлады Elorda.info.

Жиын барысында Абзал Әжіғалиев шорт-тректің киімімен таныстырып, спорттың қыр-сырын түсіндірді. 

21 жыл бойы тұрақты үлкен спортта жүрсем де, шорт-тректі бала кезден мақсатты түрде келдім деп айта алмаймын. Олимпиада тарихында ең көп алтын сыйлаған спорттың бірі — бокс. Сол ағаларымызға еліктеп, боксты таңдағым келді. Бірақ Оралда бокс секциясы болмады. Сондықтан күрес, таэквондомен айналыстым. Мектепте оқып жүргенде шорт-трек атты жаңа спорт секциясы ашылды. Әрі тегін болған соң, қызығушылықпен жазылдым. Алғашқы жаттығудан кейін бұл спорт өзіме лайық екенін түсіндім. 

2009 жылы Қытайдағы халықаралық турнирде 120-орынға тұрақтадым. Бұл нәтиже үшін қатты ұялып, спортты тастаймын ба деген сұрақ туындады. Алайда бапкерім шорт-трек елімізде енді дамып жатқандықтан, жетістікке көп еңбек пен уақыт қажет екендігін түсіндірді. 

Қытай мен Оңтүстік Кореядағы оқу-жаттығу жиындарында бұл елдің шорт-трекшілері таңғы 5-тен жаттығатынын көріп, қатты таңғалдым. Өзім де бұл әдісті бойға сіңірдім. 

Нәтижесінде 2016 жылы АҚШ-тағы әлем кубогының кезеңінде топ жарып, ел тарихындағы бірінші алтынды сыйладым. 

Егер шорт-трекпен сүйіп айналыспағанымда, бұндай жетістікке жетер ме едім?! Өйткені кәсіби спорт жолына келуіме ата-анам, достарым да қарсы болды. Жетістіктің басты формуласы — жүрегіңізге жақын саланы таңдаңыз. Сол кезде ғана ешкімге мән бермей, биік тұғырдан көрінесіздер! 

Қазіргі сәтте шорт-трек елімізде жас спорт түрі болса да, қарқынды дамып жатыр. Соның бір дәлелі — Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында Полина Омельчук бірінші рет шорт-тректен қола жүлдеге ие болды». 

Кездесу соңында колледж студенттері Абзал Әжіғалиевке өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, естелік суретке түсті.

Қанат Байұзақов