00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қыздар баскетбол құрамасы қандай деңгейде?

Қыздар баскетбол құрамасы қандай деңгейде?
Фото: elorda.info

Баскетболдан Қазақстанның қыздар құрамасы тамыз айының ортасында Азия кубогының В дивизионында бақ сынайды. Осы орайда Бангкокте өтетін халықаралық турнирге қыздарымыз қалай дайындалып жатыр? Қандай мақсаттары бар? Бұл жайлы ұлттық құраманың бас бапкері Виталий Стебковтен Elorda.info сайтына сұхбат берді.

-Алдағы Азия кубогына дайындықтарыңыз қалай жүріп жатыр?

-Тамыз айының ортасында Бангкокте өтетін Азия кубогының В дивизионында алаң иесі Таиланд, Шри-Ланка, Иордания құрамасымен кездесеміз. 1-орын алған команда А дивизионында өнер көрсетуге мүмкіндік алады. Басты қарсыласымыз – Иордания құрамасы. Себебі, 2021 жылы өткен Азия кубогында дәл осы ұжымнан 51:72 есебімен жеңілгенбіз. Әлемдік рейтингте де қос команда деңгейлес. Сондықтан басты мақсатымыз – А дивизионына көтерілу. Өкінішке қарай, Астанада өтіп жатқан оқу-жаттығу жиыны 27 шілдеден 10 тамызға дейін созылады. Уақыттың қысқалығы құрама үшін сәл тиімсіз. Одан бөлек, ұлттық құраманың көшбасшы ойыншысы Зарина Оразова жарақатына байланысты жарысқа қатыса алмайды. Былай күнделікті 2 уақыт жаттығып жатырмыз. Ал 11 тамыз күні Таиландқа аттанамыз.

Қазақстан әйелдер құрамасының ең ірі жеңісі - 2001 жылы Шри-Ланканы 141:20 есебімен жеңген кезі.

-Баскетбол дегенде көз алдымызға АҚШ-ты елестетеміз. Ал Азияда мықты қарсыластар көп пе?

-Cоңғы жылдары Азия құрлығына Океания аймағындағы көшбасшылар Аустралия мен Жаңа Зеландия қосылды. Әлемдік рейтингтік көз салсақ, Қытай – 2-орын, Аустралия – 3-орын, Жапония – 9-орын, Оңтүстік Корея – 12-орында тұр. Осыдан-ақ, Азиядағы бәсекелестікті бағамдай беріңіз. Әзірге оларға күшіміз жетпейтіні анық. В дизионының өзінде Иордания құрамасында АҚШ-тан келген 1 спортшы бар. Баскетболға жақын болмаса да, олар 2 жыл бұрын рекордтық 10-орынға тұрақтады.

Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте 118 елдің арасында 64-орында тұр.

-Қыздар құрамасы неге А дивизионына шыға алмай жүр?

-Біріншіден, Қазақстанда 20 млн адам тұрса да, өкінішке қарай, ұлттық құрамаға 16 адамды әрең жинап жатырмыз. Бұл қыздар баскетболы ел ішінде қатты дамымағанын білдіреді. Екіншіден, ұлттық құрама аз уақыт қана дайындалады. Мысалы, биыл Азия кубогы мен күзде Азия ойындары өтеді. Ал келесі жылы ешқандай халықаралық жарыс болмайды. Сонымен қатар, ел ішінде жарыстар көп болғанымен, жаттығу уақыты аз. Жасөспірімдеріміз 1,5 сағаттан аптасына 3 рет қана жаттығады (1 жылда – 260 сағат). Кітаптарда бір істің мықты маманы болу үшін, 10 000 сағат жаттығу керек деп айтады ғой. Міне, сізге жақсы мысал.

1995 жылы Қазақстан Қытай құрамасынан 42:156 есебімен ең ірі жеңілісіне ұшыраған.

-Баскетболмен қанша жастан бастап айналысқан дұрыс?

-Мейлінше, ерте жастан бастаса, соншалықты жетістікке жету деңгейі жоғарырақ. Дегенмен, 1988 жылы Сеул Олимпиадасында чемпион атанған аңыз спортшы Валерий Тихоненко 14 жасында ғана баскетболға келген. Өзінің таланты мен еңбекқорлығы арқасында СКА (Алматы) клубынан Испания чемпионатында ойнауға мүмкіндік алды. Алайда бұндай жайттар сирек кездеседі.

-Қыздар баскетболы ел ішінде қаншалықты дамыған

-5-6 жыл бұрын 4-5 қана клуб ел чемпионатында өнер көрсетсе, өткен маусымда 10 команда бақ сынады. Алдағы маусымда тағы бір клуб қосылады. Санның көбеюі сапаға ұласады деп сенемін.

Түркістан облысы 2 жыл қатарынан ел чемпионатында топ жарды.

-Сұхбатыңызға рақмет!