Қысқы Универсиада: Қазақстаннан 15 ЖОО студенттері жүлдеге таласады
2025 жылдың 13-23 қаңтары аралығында Италияның Турин қаласында XXXII Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындары өтеді. Осы орайда Elordainfo.kz тілшісі аталмыш жарысқа шолу жасады.
Қазақстанның құрамасы өз тарихында он алтыншы мәрте қысқы Универсиада ойындарына қатысады. Биылғы бәсекеде 55 елдің студенттері 11 спорт түрінен 96 жүлде жиынтығын сарапқа салады. Олардың арасында Қазақстанның 103 спортшысы бар.
Отандық қай ЖОО ең көп студент жіберді?
Универсиадада отандық 15 жоғары оқу орындарының студенттері бақ сынайды. Оның ішінде Қазақ спорт және туризм академиясынан (Алматы қ.) 76 спортшы, Қазақстан-Американдық еркін университетінен (Өскемен қ.) 7 спортшы, Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясынан (Астана қ.) 4 спортшы, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті (Өскемен қ.) мен Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінен (Қарағанды қ.) 3 спортшыдан, Мирас Университеті (Шымкент қ.), Батыс Қазақстан Инновациялық-технологиялық университеті (Орал қ.), Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті (Ақтөбе қ.), Әлихан Бөкейхан университеті (Семей қ.), М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті (Петропавл қ.), Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті (Өскемен қ.), С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті (Өскемен қ.), А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті (Көкшетау қ.), Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (Алматы қ.) және Қазақстан-Неміс университеті (Алматы қ.) сияқты жоғары оқу орындарынан бір спортшыдан қатысады.
Аталмыш университеттерге қарап, студенттер Алматы (78 спортшы), Өскемен (12 спортшы), Астана (4 спортшы), Қарағанды (3 спортшы), Шымкент, Семей, Петропавл, Көкшетау, Ақтөбе, Орал қалаларынан (1 спортшыдан) жасақталғанын байқауға болады.
Ал ересектерден ұлттық құрама мүшелері үшін биылғы басты жарыс келесі айда Харбиндегі қысқы Азия ойындары екендігі белгілі. Егер қысқы Азия ойындары мен қысқы Универсиада ойындарына баратын тізімді салыстырсақ, 16 спортшымыз қос жарыста да өнер көрсетеді.
Қандай атақты спортшыларымыз бар?
Фристайл могулден Алматы қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарған Анастасия Городко, 2023 жылы қысқы Универсиадада шаңғыдан чемпион атанған Вадим Куралес, 2024 жылғы қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері Полина Омельчук (шорт-трек), мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров, Диас Жиренбаев, Софья Самоделкина және т.б ұлттық құраманың спортшылары бар. Айта кететін жайт, Универсиада ойындарына 17 мен 25 жас аралығындағы студенттер қатыса алады. Бұл бәсекенің ерекшелігі: кей спорттарда түрлі елдің студенттері бірігіп, бір команда болады. Себебі Универсиаданың басты мақсаты - ынтымақтастыққа шақыру.
Қысқы Универсиада ойындары қаншалықты жиі өтеді?
Қысқы Универсиада ойындары 1959 жылдан бері 2 жылда бір мәрте ұйымдастырылады. Тек 2021 жылы Швейцарияда өтуі тиіс болған кешенді жарыс пандемияға байланысты тоқтатылды. Ал Қазақстан құрамасы 1993 жылы Закопанедегі (Польша) қысқы Универсиадада дебют жасап, тек шайбалы хоккейден ерлер құрамасы қола жүлде иеленді. Ал Турин қаласы араға 18 жыл салып, қайта қысқы Универсиада ойындарын қабылдап отыр. Бұған дейінгі 2007 жылғы додада Қазақстан сапынан шаңғыдан Николай Чеботько жеке сайыста және эстафеталық сайыста ерлер құрамасы алтыннан алқа таққан еді.
2023 жылы Лэйк-Плэсидте (АҚШ) өткен қысқы Универсиада ойындарында Қазақстанның студенттер құрамасы 3 алтын, 4 күміс, 4 қола жүлде алып, жалпы есепте 11-орынға тұрақтаған еді.
Осы жолы спортшыларымыз қандай нәтиже көрсетеді екен?