00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Туризм және спорт министрі гроссмейстер Қазыбек Нөгербекпен кездесті

20 маусым, 2024
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
Туризм және спорт министрі гроссмейстер Қазыбек Нөгербекпен кездесті
коллаж Elordainfo.kz

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев жуырда Үндістанның Гандинагар қаласында шахматтан өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарған шахматшы Қазыбек Нөгербек пен Қазақстан шахмат федерациясының президентін жеңісімен құттықтады, деп хабарлады Elorda.info.

«Бұл – отандық шахмат спортындағы тарихи оқиғаның бірі. Өйткені 1998 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде Дәрмен Сәдуақасов бас жүлдеге ие болған еді. Енді, міне, араға 26 жыл салып тағы бір отандасымыз әлем чемпионатының тұғырына көтерілді. Чемпионатта топ жару жерлесімізге оңайға соқпағаны анық. Соған қарамастан жеңіске деген ерік-жігер мен шынайы патриотизмнің жарқын үлгісін көрсеткен бүкіл командаға алғыс білдіремін», - деді Ермек Маржықпаев.

Туризм және спорт министрі еліміз әлем чемпионын мақтан тұтатынын және біздің спортшылар алдағы уақытта жаңа биіктерді бағындырып, қазақстандықтарды өз жетістіктерімен қуантатынына сенімді екенін жеткізді.

Айта кетейік, шахматтан 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 2-13 маусым күндері Үндістанның Гандинагар қаласында өткен болатын. Әлемдік біріншілікке 123 шахматшы, оның ішінде 13 гроссмейстер мен халықаралық 28 шебер қатысты.

Кездесу соңында Туризм және спорт басшысы Нөгербекке Мемлекет басшысының құттықтау хатын, министрліктің Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ министр Қазыбек Нөгербектің жаттықтырушысы Ержан Жақсылықұлына жемісті жұмысы үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ Қазақстан шахмат федерациясы мен федерация президенті Тимур Тұрловтың еңбегін ерекше атап өтті.