00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Туриндегі универсиадада еліміздің мемлекеттік туы көтерілді

Туриндегі универсиадада еліміздің мемлекеттік туы көтерілді
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігінен

ХХХІІ Дүниежүзілік қысқы студенттік ойындарының спортшылар қалашығында Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек XXXII Дүниежүзілік қысқы универсиада ашылуына орай қазақстандық спортшыларға үндеу жолдап, қолдау көрсетті. Әлемнің түрлі елдерінен 2 мыңға жуық студент-спортшы қатысатын осы беделді жарыста Қазақстанның намысын ұлттық және жастар құрамаларынан 103 спортшы қорғайды.

Министрдің айтуынша, жастардың жан-жақты дамуына, соның ішінде спортпен белсенді айналысуына жағдай жасау – министрліктің негізгі міндеттерінің бірі. Саясат Нұрбек сондай-ақ талантты студенттерге республикалық және халықаралық жарыстарға қатысу мүмкіндіктерін ұсынуға ерекше назар аударды.

«Президент спортты дамытуға ерекше мән беріп отыр. Бұл – тек спорт саласын ғана емес, жалпы халықтың денсаулығын нығайтуға, өмір сапасын жақсартуға бағытталған стратегиялық ұстаным. Мемлекет басшысының бұл бастамасы спортты дамыту мен дене шынықтыруды халық арасында кеңінен насихаттау қажеттілігін айқындайды», – деді министр.

Саясат Нұрбек өз сөзінде спортшыларға жеңіс тілеп, оларды сәттілікке жетелейтінін айтып, барлық қазақстандықтар олардың жетістіктерін асыға күтіп отырғанын атап өтті.

Сондай-ақ сайыс алдында қазақстандық делегацияны бастап барған Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов ұлттық құрама өкілдерімен кездесіп, соңғы дайындық жұмыстарын пысықтады.