«Басшылары ешқандай нәтиже көрсетпей 28 жыл бойы отырған» – вице-министр өңірлердегі спорт мектептері туралы

27 наурыз, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Басшылары ешқандай нәтиже көрсетпей 28 жыл бойы отырған» – вице-министр өңірлердегі спорт мектептері туралы
Фото: скриншот/ҚР Парламенті Сенаты

Сенат отырысында Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев спорт мектептеріне не себепті ротация институтын енгізу қажеттігін түсіндірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Депутат Амангелді Толамисов  вице-министрден мемлекеттік дене шынықтыру басшыларына ротация институтын енгізу себебін сұрады. «Ротация қандай пайда береді және іске асыру тетігі қандай болмақ?» деп сауал қойды ол.

«Жалпы, ротация - жаңадан енгізіліп отырған тәсіл. Бұрын болмаған. Біріншіден, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Туризм және спорт министрлігінің жанында комиссия құрылған болатын. Ол комиссия бүкіл аймақтарды аралап шығып, сол жердегі мәселелерді анықтады. Оның біреуі, әрі бастысы, біз атап өткен (ескі - спорт) мекемелердің басшылары ешбір нәтиже көрсетпей, кейбір аймақтарда 20 жылдан астам уақыт басшы болып отыра берген. Әкімдер мен спорт басшылары ауысқан, бірақ мектеп директорлары ауыспаған. Кейбір аймақтарда директор ешқандай нәтиже көрсетпей 28 жыл бойы отырған. Салдарынан ол өңірде ешқандай ілгерілеу болмаған», - деп жауап берді Серік Маратұлы.

Вице-министр осындай келеңсіздіктер орын алмас үшін ротация тәсілі енгізіліп отырғанын айтты. Оның айтуынша, бұл бостан-босқа отырмас үшін спорт саласында жұмыс істеп жатқан ұйымдарға стимул болмақ.