«Барымызды салдық» – Астананың хоккейден әйелдер құрамасының бас бапкері

«Барымызды салдық» – Астананың хоккейден әйелдер құрамасының бас бапкері
Қанат Байұзақов

26 наурыз – 1 сәуір күні аралығында Өскемен қаласында шайбалы хоккейден әйелдер арасындағы республикалық қысқы спартакиадада астаналық команданың бас бапкері қызметін атқарған Бұлбұл Қартанбай Elordainfo.kz тілшісіне сұхбат берді.

- VI Қысқы Спартакиадада Астана қаласы соңғы орынды алды. Әйтсе де бұл сіздің хоккейшілеріңіз үшін мол тәжірибе шығар?

 ⁃ Турнирдегі ең жас команда болдық. Өскемен қаласына жетуіміз де қызық болды. Бастапқыда мен 15 наурыз күні Канадаға ұшуым керек еді. Бірақ жағдайларға байланысты билетімнен бас тартып, Өскеменге команданы бастап бардым. Автобуспен 14 сағатта жеттік. Қиындықтарға қарамастан, барлығымыз көңіл-күйімізді түсірмеуге тырыстық. Ұлттық құраманың ойыншыларынан жасақталған командалармен күш сынассақ та, қыздарым ірі турнирдегі алғашқы голдарын соқты. Астана қаласының 14 жастан жоғары құрамасының жасақталғанына бір жылдан ғана асты. Бастапқыда ел чемпионатында шайба салудың өзі мұң еді. Енді 3 кездесуде қарсылас қақпасынан саңылау таптық. VI Қысқы Спартакиада хоккейшілерімнің сенімділігін арттырғаны сөзсіз.



- Командаңыздың атмосферасына сырт көзбен қарасақ, хоккейшілеріңіз ашық, әр салынған шайбаға қуаныштарын жасырмайды. Бұл бәлкім сіздерді өзге командалардан ерекшелейтін шығар?

 ⁃ Барлығы бапкерге тікелей байланысты. Қыздарымның сенімді өнер көрсетуі үшін барымды салдым. Тактиканы жіті түсіндіріп, әрқайсысын қолдадым. Біз жарыстың дебютантымыз. Салыстырмалы түрде «Айсұлу» (Алматы қаласы), «Торпедо» (ШҚО) ұжымдарының мұз айдынында жүргендеріне 20 жылдан асты. Сондықтан қарсыластан тартып алынған әр шайбаға, әр шабуылға қуанышымызды жасырмадық.



- Сіз 10 жылдай бұрын Астанаға хоккейші ретінде ауысып едіңіз. Сол сәттерде де Астана қаласының намысын қысқы Спартакиадада қорғап па едіңіз?

 ⁃ Иә, 2013 жылы Астанада енді ашылып жатқан «Томи­рис» хоккей командасына ша­қырту алдым. Сол сәттен бері 2017 жылы IV Қысқы Спартакиадада елорданың намысын қорғап, жүлдегерлердің қатарына кірдік. Ал 2021 жылғы қысқы Спартакиадада астаналық қыздардың саны өте аз болды. Енді 2025 жылы 19 хоккейшіні жарысқа қостым.
- Әйелдер хоккейі қатты танымал болмаса да, IX қысқы Азиадада аруларымыз сенсация жасап, күміс медальді иеленді. Бірақ әлі де даму деңгейі төмен деп санайсыз ба? Кейінгі 10 жылда Астанадағы әйелдер хоккейінің дамуына қандай баға бересіз? Сан жағынан қаншалықты артты?
 ⁃ Қысқы Азиадада әйелдер құрамасы чемпион болғанын қалаған едім. Иә, олар жоғарғы лигада ойнайды және әлемдік рейтингте 7-орында тұр. Бірақ біз де өткен Азия ойындарында бірнеше рет топ жарғанбыз. Ал даму жағына келсек, 2-3 жылдан бері хоккейшілер саны артып келеді, Астанада хоккеймен айналысатын қыздардың саны жүзден асады. Барлығы қолдау мен қаржылық жағына тікелей қатысты. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 2-3 есеге арттырсам деген жоспарым бар.
- Сіз әйелдер хоккейіне кездейсоқ келгеніңізді айтып едіңіз. Енді қазір көпшілік қыздар саналы түрде хоккейге келетін шығар? Қызығушылық қаншалықты? Хоккейге ден қойғандардың басты мақсаты не?
 ⁃ Өздеріңіз білетіндей, «Барыс» хоккей клубы тек қана Қазақстан чемпионатында ғана емес, құрлықтық хоккей лигасында бақ сынап жүр. Әлемдік деңгейдегі «Барыс Арена» мұз сарайымыз бар. Бұның барлығы қала тұрғындарының назарын аударады, жергілікті жанкүйерлердің шоғырын қалыптастырды. Хоккейге келетіндердің көбісі «Барыстың» ойынына баратын, көретін жас қыздар. Екіншіден, қазір әлеуметтік желінің дәуірі. Мен де заманауи трендтерден қалыс қалмай (Instagram - 37,9 мың оқырман, TikTok - 10,9 мың жазылушы), үнемі әйелдер хоккейін насихаттауға тырысамын.
- Сіз әлеуметтік желіні белсенді қолданудың арқасында АҚШ, Канададан шақырту алғаныңызды айттыңыз. Қазіргі сәтте бұл тәжірибеңізді өзге отандық спортшылар да қолдана ма? Жас шәкірттеріңізге қандай қасиеттерді сіңдіруге тырысасыз?
 ⁃ Әлеуметтік желінің күшімен түрлі видеолар түсіріп, АҚШ пен Канададан шақырту алдым. NHL-де ойнап, АҚШ хоккей клубының бас жаттықтырушысы болдым. Енді өз тәжірибемді жас қыздарға үйретіп, біліктілігін арттыруға күш салып жатырмын. Барлығы әр жас хоккейшінің мақсат қоюы мен еңбектенуіне байланысты. Таланттар өте аз. Көп ойыншылар шынайы еңбектің арқасында жоғары жетістікке жетеді. Мен де өз тарапымнан АҚШ пен Канадада қыздардың тегін жаттығып, келісімшарт алуына көмектесемін. Болашақта бұл қыздар мұхит асып кетсе де, әлем чемпионаты сынды ірі додаларда Қазақстан ұлттық құрамасында ойнауға міндеттеу керек.

- Сұхбатыңызға рахмет!