00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Ольга Сафронова: Ту ұстау жауапкершілігі артылатындығын мүлдем күтпедім

Ольга Сафронова: Ту ұстау жауапкершілігі артылатындығын мүлдем күтпедім
коллаж Elorda.info

2024 жылдың басты додасы – Париж Олимпиадасының басталуына бір ғана апта қалды. Осы орайда 26 шілде күні өтетін Олимпиаданың ресми ашылу салтанатында Асланбек Шымбергеновпен бірге көк туымызды ұстап шығатын жеңіл атлетіміз Ольга Сафронова Elorda.info сайтына өз әсерімен бөлісті.

-Ресми хабардан бұрын сіздің Париж Олимпиадасында ту ұстайтындығыңыз белгілі болды. Бірақ ертеңінде лицензия алмай қалу қаупі туралы да ақпарат тарады. Сізге бұл жайт қаншалықты әсер етті?

Ресми ақпарат шықпас бұрын, Париж Олимпиадасына елімізден кімдер қатысатындығы белгілі болды. Тек 7 шілдеге дейін әлемдік World Athletcs ұйымының хабарламасын күтуді ұйғардық. Сондықтан алдын ала ешкімге жарияламауды жөн көрдік. Әлеуметтік желідегі жазбаларға қатты мән бермедім. Күнделікті жаттығуымен айналысып, ресми хатты тостық.

- Ту ұстап шығатындыңыз жайлы ақпаратты кімнен естідіңіз? Өзге де үміткерлер болды ма?

Париж Олимпиадасына 26 ару спортшы баратындықтан, үміткерлердің көп болғандығы сөзсіз. Ал оның ішінде дәл маған ту ұстау жауапкершілігі артылатындығын мүлдем күтпедім. Жеңіл атлетикадағы бапкерім бастапқыда мені үміткерлердің тізіміне қосатындығын мәлімдегенде, ол ақпаратты толық қабылдамадым. Тек шілде айының басында ресми ту ұстаушылар жайлы мәлімет әлеуметтік желіде тарап кетіп, айналамдағы адамдар құттықтады. Алайда мен үшін бірінші кезекте Париж Олимпиадасының жолдамасын ресми түрде иеленгендігім туралы хабарды күту қажет болды.

- Елімізден алғаш рет әйелдер арасынан 2021 жылы Токио Олимпиадасында Ольга Рыпакова туымызды алып шықты. Сол сәтте сіздің де келесі Олимпиадада жауапкершілік жүктеледі деген ой болып па еді?

Токио Олимпиадасында Ольга Рыпакованың ту ұстаған сәтіндегі әсемдігін, жарқын жүзін ғана көріп, қуандым. Шынын айтсам, араға 3 жыл салып, дәл сол сенім маған артылады деген ой мүлдем келмепті. Мен үшін бастысы өзімнің сүйікті спортыммен айналысу қажет болды. Спортпен тұрақты айналысып, тер төккен  кей спортшыларды міндетті түрде өмірдің марапаттайтындығы сөзсіз.

- Сіз төртінші жазғы Олимпиада ойындарына барғалы жатқан 11 спортшының қатарына кіргелі отырсыз. Бұған дейін 4 бірдей жазғы Олимпиадаға қатысамын деп жоспарлап па едіңіз?

11 спортшының қатарына кіргендігім жайлы ақпаратты естімеппін. Тек жақында Қазақстан Олимпиада комитетінің ресми хабарламасында академиялық ескек есуден Владислав Яковлев екеуміздің Париж Олимпиадасына қатысатындардың ішінде ең тәжірибелі спортшы екенін оқыдым. 

Жеңіл атлетикамен кәсіби түрде айналасатындықтан, әр Олимпиада циклінде барымды салып, жылдың басты додасына қатысуға ұмтылдым. Лондон Олимпиадасындағы дебютім жас кезіммен сәйкес келіп, эмоцияға толы болды. Ал жалпы 4 бірдей Олимпиадаға қатысамын деп жоспарламағанмын. Үздіксіз жаттығу, нәтижені жақсарту сынды іс-әрекеттерімнің арқасында Париж Олимпиадасына дейін жеттім.

- Әзірше елімізден 5 мәрте жазғы Олимпиадаға барған спортшы тіркелмеді. Алдағы уақытта 2028 жылы өтетін Лос-Анджелес Олимпиадасын қаперде ұстайсыз ба?

Алдын-ала нақты ештеңе алмаймын. Себебі, 4 жыл деген ұзақ уақыт. Әрине, бесінші жазғы Олимпиадаға қатысқым келеді. Бірақ барлығы денсаулығыма да тікелей байланысты. Уақыт көрсетеді.

- Жеңіл атлетика сайыстары тек 1 тамызда ғана басталады. Бірақ сіз ашылу салтанатына қатысатындықтан, өзге жеңіл атлеттерден қарағанда ерте барасыз. Бұл сіздің дайындығыңызға кесірін тигізбей ме?

Иә, мен өзге спортшылардан қарағанда Парижге ерте аттанамын. Алайда негізгі жаттығу жұмысын елімізде өткізіп үлгердім. Францияда тек физикалық күйімді ұстап тұруға ғана күш саламын. Ерте кеткеннің өзі жергілікті климатқа, уақытқа ағзамды бейімдеу тұрғысынан артықшылық береді деп ойлаймын.

- Жеңіл атлетика жарыстары жиі өтетіндіктен, сіз бұған дейін де Париж Олимпиадасын қабылдайтын «Стад де Франс» стадионында сайысқа түсіп пе едіңіз?

Ұзақ жылдар бойы шетелге шыққанымен, Парижде болып көрмеппін. Францияның өзге қалаларында болғанмын. Бірақ «Стад де Франс» стадионында бірінші рет жарыс атмосферасын сезінбекшімін.

- Париж Олимпиадасына елімізден алғаш рет Кениядан келген спортшылар жүлдеге таласады. Сіздің ол спортшылармен қарым-қатынасыңыз қалай? Бұл спортшылар отандық спортты дамытуға үлес қосып жатыр дей ойлайсыз ба?

Кениялық спортшыларды елімізде жылы қарсы алды. Жарыстарда үнемі бір-бірімізді қолдауға тырысамыз. Олар алыстан келгендіктен, өздерін қолайсыз да сезінеді. Бірақ ешкім оларды шеттетпейді. Республикалық бәсекелерге қатысқан сәттерінде жас спортшыларымыз озу үшін барын салады. Әрине, жастарымызға әлі шеберлік жетіспейді. Алайда Кениядан келген желаяқтар отандық жеңіл атлетиканың дамуына әсерін тигізетініне сенімдімін.