«Министрлік кубогы-2025»: еліміздегі спорт мектеп-интернат-колледждердің арасынан кімдер үздік шықты


Қарағанды қаласында 4-мәрте жалауын желбіреткен Министрлік кубогы ресми түрде аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Қазақстанда жас спортшыларды дайындайтын 19 мамандандырылған оқу орны (18 – жаздық және 1 - қыстық) бар. Осы орайда 2022 жылдан бері жазғы спорт түрлері бойынша дайындайтын спорт мектеп-интернат-колледждерінің арасында тұрақты түрде «Министрлік кубогы» атты жарыс өтеді.
Биылғы бәсекені 17-24 cәуір күндері Қарағанды қаласындағы «Жастар» спорт кешені қабылдап, 2009-2010 жылы дүниеге жасөспірімдер бокс (7 салмақ), дзюдо (5 салмақ), грек-рим (5 салмақ), еркін күрес (5 салмақ) және таеквондодан (5 салмақ) шеберлік байқасты. Осы жолғы додада кубокқа 17 спорт мектеп-интернат-колледжі таласып, тек Шығыс Қазақстан облысы қатысудан бас тартты.
Аталған оқу орындары жеребе қорытындысы бойынша 4 топқа бөлініп, жалпы ұпайдың санымен әр топтан бір команда жартылай финалға өтті. Жартылай финалда А тобының жеңімпазы (Қажымұқан Мұңайтпасов ат. ОРРММИК) С тобының үздігі Атырау обл. ОРММИК-ті 4:1 есебімен жеңді. Ал В тобының мықтысы әрі былтырғы чемпион Алматы қ. Шаңырақ ш.а. ОРРММИК Д тобының жеңімпазы Түркістан обл. Б. Саттарханов ат. ОРММИК-ке 2:3 есебімен жол берді. 3-орынға таласта фаворит саналған Алматы қ. Шаңырақ ш.а. ОРРММИК спорттың төрт түрінде басымдық танытып, қола жүлдені иеленді. Ал финалдық бәсеке өте тартысты өтті. Қос команда да кубокты жеңіп алуға барын салды. Алдын ала болжанғандай, астаналықтар грек-рим күресі мен таеквондодан үстем болса, түркістандықтар еркін күрес пен бокста бір бас жоғары екендігін дәлелдеді. Кубок иегері қос мектептің де деңгейі шамалас дзюдода анықталып, 3:2 есебімен Қ.Мұңайтпасұлы атындағы олимпиада резерві республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі өз тарихында үшінші мәрте (2022, 2023, 2025) чемпион атанды.
«Министрлік кубогы-2025» қорытынды рейтингісі:
1-орын. Қажымұқан Мұңайтпасов ат. ОРРММИК ((25 cпортшы)
2-орын. Түркістан обл. Б. Саттарханов ат. ОРММИК (27 cпортшы)
3-орын. Алматы қ. Шаңырақ ш.а. ОРРММИК (26 cпортшы)
4. Атырау обл. ОРММИК (21 cпортшы)
5. Қызылорда обл. Ж. Бахадур ат. ОРОММИК (25 cпортшы)
6. БҚО ОРММИК (21 cпортшы)
7. Қ. Ахметов ат. ОРОММИК (Алматы қ., 26 cпортшы)
8. Жамбыл обл. ОРММИК (25 cпортшы)
9. РСК (Республикалық спорт колледжі) - 25 cпортшы
10. Қарағанды обл. Ә. Молдағұлова ат. ОРОММИК (22 cпортшы)
11. Талдықорған қ. Ж. Үшкемпіров ат. ОРОММИК (11-12-орын) - 22 cпортшы
12. Ақмола обл. Бөгенбай батыр ат. ОМОРМК (11-12-орын) - 17 cпортшы
13. Ақтөбе обл. Есет батыр ат. ОРММИК (27 cпортшы)
14. Алматы қ. СДБАММИК (22 cпортшы)
15. СҚО ОРММИК (20 cпортшы)
16. Павлодар обл. СДБММИ (15 cпортшы)
17. Алакөл ауд. Лепсі а. СДБОММИ (4 cпортшы)
Қандай ерекшеліктер тіркелді?
- 5 спорт түрінде қатысушылар толық жиналмады. Мысалы, таеквондодан 11 ғана команда күш сынасты. Бокс, еркін күрестен 16 команда (тек Алакөл ауд. Лепсі а. СДБОММИ қатыспады), грек-рим күресінен 15 команда (Алакөл ауд. Лепсі а. СДБОММИ мен Атырау обл. ОРММИК бақ сынамады) белдесті. Тек дзюдода ғана барлық мамандандырылған оқу орны қатысты. Жалпы 361 жасөспірім «Министрлік кубогына» арнайы келіп, Түркістан обл. Б. Саттарханов ат. ОРММИК мен Ақтөбе обл. Есет батыр ат. ОРММИК ғана толық құрамды (27 cпортшы) шығара алды.
- Спорттағы әділетсіздік. Кубокқа талас барысында ережені айналып өткісі келетін команда да кездесті. Мысалы, Республикалық спорт колледжі бокстан салмаққа басқа спортшыны өлшеп, рингке өзге боксшыны шығарғаны үшін, шеттетілді. Бұндай жайт бұған дейінгі «Министрлік кубогында» кездескен.
Осы орайда турнирді грек-рим күресінен 5 мәрте әлем чемпионатының жүлдегері Алмат Кебіспаев та тамашалауға келді.
«Министрлік кубогы – жылына бір мәрте ұйымдастырылатын әрі әр мамандандырылған оқу орнының деңгейін анықтайтын өте маңызды жарыс. 2022 жылы Астанада өткен бірінші доданы тамашалап едім. Бірнеше күнгі жарыстың тамашалау арқылы әлі де бірнеше өзгерістер қажет деп ойлаймын.
Біріншіден, уақыттың қолайсыздығы. Көктем мезгілінде көптеген спортшылар Қазақстан чемпионаты, түрлі халықаралық турнирлерге қатысуды көздейді. Сондықтан командалар толық құрамда келе алмайды. Егер күз айының соңында ұйымдастырылса, көпшілігіне ыңғайлы болар еді. Лепсі а. СДБОММИ спортшылары қарапайым мектепте оқиды. 9 сыныпты бітіретіндіктен, мұғалімдері сабақтан босатпады. Одан бөлек, бокстан Азия чемпионаты өтіп жатыр және жақын күндері таеквондодан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты да ұйымдастырылмақ.
Екіншіден, толыққанды салмақтың жоқтығы. «Министрлік кубогында» әр спорттың тек 50% салмағы ғана қамтылған. Сондықтан спорт интернаттарының толық шама-шарқын байқау мүмкін емес.
Үшіншіден, өзге спорттарды қосуды қарастыру. «Министрлік кубогының» қорытындысын саралау қажет. Мысалы, көптеген мектеп интернат өкілдері ауыр атлетиканың бағдарламаға кіргенін қалайды.
Төртіншіден, әр спортты жеке-жеке қалада өткізсе, мамандандырылған оқу орындарының жағдайын байқауға болады.
Бесіншіден, жас спортшыларды жігерлендіру. Тек мақтау қағазы және медальмен ғана емес, арнайы ақшалай марапаттар енгізілсе деймін. Сондай-ақ, бапкерлер де арнайы разряд алатындай мүмкіндігі болса, бұл додаға деген қызығушылық одан әрі артар еді деп ойлар едім, - деді Алмас Кебіспаев.
Спорт мектеп-интернат-колледждер арасындағы бәсекелестікті арттыру, дарынды балалардың көзге түсуіне жағдай жасайтын «Министрлік кубогы» келесі жылы барлық жағдайды ескеріп, ауқымын кеңейтеді деп сенеміз.



