Ұлттық спорт қауымдастығының президенті сайланды

Ұлттық спорт қауымдастығының президенті сайланды
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Еркебұлан Ильясов Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті болып сайланды, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының кезектен тыс жалпы отырысы өтті. Отырысқа ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев, сондай-ақ, еліміздің ұлттық спорт федерацияларының президенттері мен өкілдері қатысты.

Жиында ұлттық спорт қауымдастығының президенті қызметін атқарған Исламбек Салжанов соңғы екі жылдағы атқарылған жұмысы жайында кеңінен есеп беріп, қорытындылады. Қауымдастық құрылтайшылары дауыс беру арқылы жаңа жарғы қабылдап, нәтижесінде Еркебұлан Сайдоллаұлы Ильясов бірауыздан Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті болып сайланды.

Отырыс барысында Серік Жарасбаев Исламбек Төлеубайұлына ұлттық спорттың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, жаңа президент Еркебұлан Сайдоллаұлына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, ол барлық федерациялардың ынтымақтастығын нығайтып, ұлттық спорт түрлерін әлемдік деңгейде насихаттау үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.