Канело - Кроуфорд: ақ жұдырық пен қара жұдырық

Ертең таң қылаң бере алыстағы Лас-Вегастың 100 мың адам сиятын стадионында кәсіпқой бокстегі теңдесі жоқ бір жекпе-жек өтеді. Ол - Канело мен Кроуфорд арасындағы шайқас.
Мен бұл ұлдарды ақ жұдырық пен қара жұдырық деп атадым. Жәй, қызық үшін.
Бұл шайқасты ел жарты жылдай күтті. Шынын айтқанда,бұл болуға тиіс емес жекпе-жек болатын. Өйткені,Канело екінші орта салмақта сайран салып жүрсе,Кроуфорд жартылай орта салмақта бір ғана кездесу өткізіп көрген қаңбақтай жеңіл жігіт еді. Бірақ жеңілдердің ішіндегі атағы алысқа кеткен сүлей болатын.
Бәрін бүлдірген Сауд Аравиясының ойын-той бойынша Бас Кеңсесінің Төрағасы Турки Аль аш-Шейх. Кейінгі кезде ірі-ірі бокс жекпе-жектерін Сауд Аравиясының астанасына шақырып,боксшілерге көтергендерінше ақша беріп,елді аузына қаратып алған бұл азамат кенеттен екі жұлдызды - Канело мен Кроуфордты - шайқастырайық деп ұсыныс тастады. Бұл ұсыныс шілдеде қуаңға тиген оттай лаулады да кетті. Канело болса өзінің ақшаны күреп тауып жүрген салмағында шайқасады,үн-түнсіз келісті. Кроуфорд сәл үнсіздіктен кейін тәуекел деді. Рас,бұл жекпе-жектің спорттық астары да бар. Бірақ,кәсіпқой боксты ішінен білетіндердің пікірлері бір жерден шықты - екеуінің салмағы жер мен көктей бола тұрып, "жарайды" дегізген атың өшкір ақша болатын! Бұл жекпе жегі үшін боксшылар мынадай МАҢДАЙТЕРАҚЫ алады:
Канело Альварес - 150 000 000 доллар!
Теренс Кроуфорд - 50 000 000 доллар!
Бұл шайқас біткен соң бірден қапқа салып әкеліп беретін қаржы. Шайқас аяқталған соң есеп-шот ары-бері қағылады да,жарнамадан,билет сатудан,тағы басқа бір жылт етіп көрінгеніне миллион бере салатын компаниялардың есебінен екі боксшы тағы 100 000 000 доллардай табысты бөліп алады деп күтілуде! Мұны естігенде құлағың күңгірлеп,көргенде көзің тұманданып кететіні сөзсіз. Ертеректе ауылдан баласының үйіне келген бір қазақтың жігіт ағасы тележәшіктен кәсіпқой бокс көріп отырып,осындай тарихын естіген соң,жартылай шындап,жартылай қалжыңдап: "Балам,мұнша ақша берсе,әлгілердің біреуімен мені шығарсыншы! Азар болса 12 раунд рингтің төрт бұрышын тасалап қашып жүрермін.- деген екен.- Ұрса ұра берсін,әйтеуір өлмесем болды,бала-шағама өмірлік қаржы апарамын ғой... "
Біреудің ақшасын санамаймыз. Бірақ осылар мен осындайларды көріп жүріп түйген ойымды тағы қайталаймын: Бүгінде болған-толған жандарға қызық керек,қан керек! Олардың көзіне аш-жалаңаш та,ауру мен мүгедек те,соғыстан қынадай қырылып жатқан ел тағдыры да көрінбейді,елестемейді! Оны айтып ұялту да,оны нұсқап бетінен қайтару да мүмкін емес оларды!!!
...Сонымен,ертең таң қылаң бере ақ жұдырық пен қара жұдырық тоқайласады. БАСТЫ СҰРАҚ: Кім жеңеді? Бұл салада қанша маман болса пікір сонша. Оған Канеломен 36 раунд шайқас өткізген Геннадий Головкин мен оның бұрынғы бапкері Абель Санчес те пікір тастап жатқаны бар. Бір қызығы,екуінің пікірлері қарама-қарсы!
Менің өз пікірім бар. Теренс Кроуфордтың бүгінге дейін 40-тан аса жекпе-жекте әлі жеңіліп көрмегенін есте ұстай отырып,мен 60-тан аса жекпе-жекте екі рет жеңілістің ащы дәмін тартса да бұл жекпе-жектің жеңімпазы Канело болады деп батыл жазып отырмын! Жоғарыда айтқан Канело - Головкин арасындағы үш жекпе-жекке де Әмрикаға барып,түбінен көрген мен үшін Канело Альварес сөзсіз мықты! Тағдыры бір жұдырыққа байланысты боксте бәрі болады: Егер Канело жеңілетін болса,онымен бірге мен де жеңілетінімді білемін!
Несіп Жүнісбаев