Иран құрамасы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысады
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Иран Ислам Республикасының Спорт және жастар министрі Киомарз Хашемимен екіжақты келіссөз жүргізді, деп хабарлады Elorda.info.
Спорт тақырыбы бойынша өткен кездесу Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың көңіл айтуымен басталды:
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі және өз атымнан Иран халқына қайғыра көңіл айтамын, - деді министр.
Кездесу одан әрі Қазақстан мен Иран арасындағы жас спортшыларды даярлау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері бойынша екіжақты келіссөзбен жалғасты.
Былтыр екі елдің министрлері арасында спорт саласындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Ермек Маржықпаев бұл құжат екі ел арасындағы қарым-қатынасты жандандыруға ықпал ететінін атап өтті.
Өздеріңіз білетіндей, Иранда күрес түрлері, әсіресе еркін және грек-рим күресі өте жақсы дамыған. Сондықтан сіздерге Қазақстан балуандарымен бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізуді ұсынамыз. Мұндай тәжірибе аталған спорт түрінің дамуына оң әсер ететініне сенімдімін. Қазақстан спортшылары құнды тәжірибе жинаса, жаттықтырушылар ирандық спортшылардың жаттығу жүйесімен таныса алады. Иран спортшылары өздерінің оқу-жаттығу жиындарын Алматыдағы олимпиадалық даярлық орталығының базасында өткізе алады, - деді Ермек Маржықпаев.
Сонымен қатар ведомство басшысы кездесу барысында ирандық әріптесін осы жылдың қыркүйек айында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысуға шақырды.
Министр Иран құрамасынан Көшпенділер ойындарына спорттың алты түрінен қатысатыны туралы растау алғанын атап өтті. Олар: алыш, ашыртмалы аба гюреши, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, кураш, қазақ күресі.
Өз кезегінде Иран тарапы өзара ынтымақтастықты жандандыру үшін Астанадағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуды ұйымдастыру бойынша жұмыс тобын құруды ұсынды.